Бүгін Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталады
Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында спорт форумы өтіп, Дүниежүзілік Көкпар қауымдастығы мен Халықаралық Кок бору қауымдастығы өзара меморандумға қол қойды.
Іс-шараға Дүниежүзілік атпен күрес федерациясының, Халықаралық теңге ілу федерациясының өкілдері, ұлттық ат спорты федерациялары мен ойындарға қатысушы елдер қауымдастығының басшылары, спортшы-шабандоздар, сонымен қатар бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов қатысты. Іс-шараға Якутия спорт министрі Леонид Спиридонов та арнайы келіпті.
Дүниежүзілік көкпар қауымдастығы президентінің міндетін атқарушы Әлібек Мұқатаев келген қонақтар мен ұлттық спорт түрлеріне ерекше қолдау көрсететін президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ерекше алғысын білдірді.
«Бәріміз бір мүдде жолында еңбек етіп жатырмыз, еңбегіміз жемісті болсын. Еліміз соңғы жылдары құқықтық-демократиялық даму бағытында батыл қадамдар жасады. Одан бөлек, елімізде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Бұл спорт түрлерінде он мыңдаған адам қатысады. Олар сол арқылы рухани тұрғыда да, физикалық тұрғыда да шыңдала түседі. Президентіміз бұқаралық және ұлттық спорттың дамуына ерекше көңіл бөледі. Осы орайда Көшпенділер ойындарының Қазақстанда өтуі біз үшін үлкен абырой. Сондықтан бұл ойындарды барынша сәтті өткізуге тырысамыз», - деді ол.
Айта кетейік, жиын соңында Дүниежүзілік Көкпар қауымдастығы мен Халықаралық Кок бору қауымдастығы өзара бірлесіп жұмыс істеу үшін ұзақ мерзімді меморандумға қол қойды.