Келесі көшпенділер ойынында көкпар да, көк бөрү де болмауы мүмкін
Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойынындағы көкпардың финалы қазақ пен қырғыз елінің достығына сызат түсіруге сәл қалды. Қазақстан құрамасының жеңісі бүкіл Қырғызстан халқының ашуын тудырып, әлеуметтік желі нағыз майданға айналды десек қателесе қоймаспыз.
Бұған кім кінәлі? Төреші ме әлде ұйымдастырушылар ма? Бәлкім Қырғызстан командасы жеңілісті қабылдай алмаған шығар? Бұл сұрақтардың жауабын білу мақсатында «Бірінші болдың» резиденті Олжас Байбосын Көшпенділер ойыны авторларының бірі, Қырғызстан Туризм және мәдениет экс-вице-министрі Мақсат Чаки мырзамен сұхбаттасты.
Оның айтуынша, дәл осы көкпар жарысын ұйымдастыру жағы әлсіз болған. Екі елдің федерациялары да бірқатар кемшілік жіберіпті. Ал, әлеуметтік желідегі «айқасты» жанкүйерлердің эмоциясы деп қабылдайық дейді қырғыз маманы.
Ол сондай-ақ, болашақта мұндай келеңсіз жайттар болмас үшін Көшпенділер ойынының бағдарламасынан көкпарды да, көк бөріні де алып тастау керек деген ұсынысын айтты.