«22 көлік міндім»: балуан Айбек Нұғымаров қазақ күресінен ұтқан сыйлықтарын санап берді

Редактор
04.12.2024, 10:14

Бейбіт Ыстыбаев болса 34 көлік жеңіп алған

Қазақ күресі федерациясы

Қазақ күресінен «Қазақстан барысы» турнирінің екі дүркін чемпионы Айбек Нұғымаров қазақ күресімен айналысқан жылдар ішінде неше көлік ұтқанын айтты.

Белгілі балуан сұхбат «Алқа» рухани-танымдық радиосына берген сұхбатында ұлттық күрестің аяқ алысын, дамуына қатысты жауап берді. Сонымен бірге, ол қазақ күресінен турнирлерде 22 рет көлік ұтқанын айтты.

«Қазақстан барысының» бастапқы кезеңінде 150 мың доллар, көлік, пәтер берген еді. Кейін сол кезде облыс әкімі болған марқұм Бердібек Сапарбаев «қашан ұтасыңдар» деп бізден үнемі сұрайтын. 2013 жылы мен «Қазақстан барысында» чемпион атанғанда пәтер мен көлікті сыйға тартты. Осы жолы Ерасыл Қажыбаевқа үй мен пәтер, Саят інімізге де көлік мінгізді. «Аш бала» келіп күресіп, еңбегі ақталып жататын болса өте жақсы нәрсе. 

Арман Шораев ағамызға қазақ күресін осындай танымал деңгейге көтергені үшін көп рахмет. Кешегі Бейсен Құранбек ағамыздың қоңыр даусымын турнирді жүргізгені де керемет еді. Ол барлық балуанды жеке танитын. Аты-жөнін ғана емес, жеке өзінің кім екеніне дейін білетін. Оның інісі Сәрсен Құранбек ағамыз да қазақ күресінде жұмыс істеді. Ол кісі – тәртіптің адамы. Тәртіп болған жерде барлық нәрсе болады. Қазақ күресімен айналысып жүріп 22 рет көлік міндім. Бұдан бөлек, облыс, аудан басқарған ағаларымыздың мінгізген 4-5 көлігі бар. Ағамыз Бейбіт Ыстыбаев 34 көлік мінгенін айтады», - деді Айбек Нұғымаров.

Сонымен бірге, балуан бүгінгі күрестің дамуына қатысты пікір білдірді. Айтуынша, қазіргі жағдай бұрынғымен салыстырғанда мүлдем басқа.

«Қазақ күресінің болашағына көңілім толмайды дегенді мүмкін қазіргі балалар айтатын шығар. Мен енді дамып келе жатқан кезеңінен бастап қазіргі уақытына дейін келдім. Салыстырмалы түрде айтсам, қазақ күресі қазір жақсы қарқынмен өсіп келе жатыр. Бірақ кешегі өткен «Қазақстан барысында» барша жанкүйер куә болды. Бұрын аса ауыр салмақтағы балуандар ғана жеңіске жететін. Қазір жеңілдеу салмақта балуандар жүлде алып жүр. Мысалы, Ерсұлтан Мұзафаров (-100 кг) финалға дейін жетті. Одан кейін басқа да жеңілдеу салмақтағы балуандар жартылай финалға дейін жетті. Бұған қарап біздің ұлттық күрестің өсіп жатқанын көруге болады», - деді Айбек Нұғымаров. 

Ол 2012 жылы «Қазақстан барысында» алғаш рет қола жүлде иеленді. Ал 2013 жылы чемпион атанды. Ал 2018 жылы қола белдікті қайта иеленсе, 2019 жылы аталған турнирде 32 жасында топ жарған.