Биылғы жарыс сенсацияға толы болды
Астанада қазақ күресінен «Дала қырандары» турнир мәресіне жетті. Қазақ күресін насихаттау, спорттық дәстүрлерді нығайту және қатысушылардың шеберліктерін арттыруға бағытталған бұл турнирдің мақсаты – 8 салмақтағы Қазақстанның ең үздік 8 балуанын анықтау.
Бұл жоба 2021 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Алғаш «Үздіктердің үздігі» деп аталған. Одан кейін «Дала қырандары» деп өзгертілді.
Айта кетсек, 2024 жылдың басынан бастап Қазақстанда төл күрес бойынша 5 рейтингілік жарыс өткен. Бұл жарыстардың нәтижесінде әр салмақта ең көп ұпай жинаған үздік 8 балуан анықталған. Сол үздіктердің басы Астанада қосылды.
2025 жылғы «Дала қырандары» турнирінің жеңімпаздары:
Жеңімпаздар чемпиондық белбеу және 5 000 000 теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Биылғы «Дала қырандары» турнирі сенсацияға толы болды. Кейбір салмақта фаворит саналған балуандар жарысты орта жолдан аяқтап жатты. Басты сенсация – әлем және Азия чемпионы, Көшпенділер ойындарының жеңімпазы, соңғы екі жылда ешкімнен жеңілмеген 74 келінің үздігі Жұмажан Қожамбетовтың жеңілісі. Ол алғашқы айналымда Алматылық Жігер Еркінұлына есе жіберді. Одан бөлек, 2024 жылғы «Қазақстан Барысы» Ерасыл Қажыбаев та орта жолдан сүрінді. Ауыр салмақта тағы бір фоварит Нұрдәулет Жарылғапов финалда жеңілді. Ерасыл мен Нұрдәулетті Түркістан облысының балуаны Қайсар Шамшидинов сан соқтырды. Сондай-ақ, 60 келіде фоварит саналған Марат Нығматуллаев жарысты жүлдесіз аяқтады.
Бұл сенсацияларды 2014 жылғы әлем чемпионы, Алматы қаласының аға бапкері Абзал Арыстанбеков қазақ күресінің деңгейі өскендігінің дәлелі дейді.
«Қазақ күресі елімізде кеңінен насихатталды. Бұрын жұрт бірнеше балуанға ғана қарап отыра беретін. Қазір ондай жоқ. Кілемге шыққан кез келген балуан жеңіске жеткісі келеді. Алдында кім тұрса да жеңіп, өзін одан мықты екенін дәлелдегісі кеп тұрады. Фавориттер жеңіліп жатқанын сенсация деп емес, жәй ғана балуандардың жеңілісі деп білу керек», - деді ол.
Дала қырандары турнирін Ерсұлтан Мұзаппаров пен Ержан Еренғайыпов осымен 3 реттен жеңді.
«Дала қырандары турниріне осымен 3 рет қатысып, үшеуінде де жеңіске жеттім. Бұған дейін 2 рет 60 келіде чемпион атансам, бүгін 66 келіде жеңіс тұғырынан көріндім. Бұндай жеңісті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мені әр сәт қолдаған бапкерлеріме, жақындарыма алғысымды айтам. Осындай турнир ұйымдастырып, еліміздің үздік балуандарының басын қосып жатқан қазақ күресінің жанашыр ағаларына рақмет. Бұндай жарыстар арқылы төл күресіміз дамып, ауқымы кеңейеді. Төл күресіміз қарыштап дами берсін», - деп пікір білдірді Ержан Еренғайыпов.