Көкпардан жеңіліп ренжіп кеткен қырғыздар көшпенділер ойынына дайындықты бастады

Редактор
09.01.2025, 09:12

Қазақ көкпаршыларының бұл жарысқа бару-бармауы белгісіз

Ұлттық ат спорты қауымдастығы

Көрші Қырғызстан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру жұмыстарын бастады. Халықаралық дода келер жылы осы елде өтеді.

Негізі 2026 жылғы ойындар әу баста Өзбекстанда өту керек болған. Бірақ былтыр Астанадағы ойындар кезінде олар қандайда бір іс-шара өткізуден бас тартты. Сөйтіп Дүниежүзілік көшпенділер ойынын қайтадан Қырғызстан өткізетін болды.

Қырғызстан Республикасы министрлер кабинетінің төрағасы Әділбек Қасымалиев күні кеше дайындық және өткізу бойынша ұйымдастыру комитетін құру туралы қаулыға қол қойды.

Ұйымдастыру комитетінің жетекшісі болып министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Әділ Байсалов тағайындалды. 

Оның алдына: 

  • VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық және оны өткізу бойынша ведомствоаралық іс-шаралар жоспарын әзірлеу және бекіту; 
  • Ойындардың спорттық бөлігінің ережелері мен регламенттерін бекіту; 
  • Жоспарланған іс-шараларға сәйкес шығын сметасын жасау сияқты міндеттер қойылды.

Айта кетейік, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2014 жылы Қырғызстанда басталған.

Одан кейін де Ыстықкөлде екі рет ұйымдастырылды (2016 және 2018). Ал 2022 жылы Түркияда өтсе, ал 2024 жылы Қазақстанда ұйымдастырылды. Астанада бәрі керемет басталғанымен, соңғы жарыс күндері көкпардың финалында Қазақстаннан жеңілген Қырғызстан құрамасы ойынның әділетсіз өткенін айтып, үлкен дау шығарды. Тіпті, қарсыласты реваншқа да шақырды. Алайда, қазақ көкпаршылары қайта көкпар тартудан бас тартты.