Ол бұған дейін Ташкентте бокстасты.
Қазақстандық актер әрі аралас жекпе-жек шебері Еркебұлан Тоқтар мансабында жаңа белеске қадам баспақ.
Спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында Ташкентте өткен бокс кешінен әсерлі видео жариялады. Бейнежазбада оның өзбекстандық көрермен алдында рингте Қазақстанның мемлекеттік әнұранын орындап тұрғанын көруге болады. Бұл көрініс желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, көпшіліктің оң бағасына ие болды.
Видеоның астындағы жазбасында Еркебұлан алдағы мақсатын жасырмады:
«Осы жылдың соңында - Madison Square Garden, Иншалла», - деп жазды ол.
Madison Square Garden - спорт әлемінде айрықша орны бар арена. Нью-Йорктің қақ ортасында орналасқан бұл кешен бокстың ғана емес, жалпы жекпе-жек түрлерінің символына айналған. Кезінде дәл осы жерде Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мэйвезер секілді аңыздар рингке шыққан.
Айта кетейік, Еркебұлан Тоқтар соңғы жекпе-жегін 27 желтоқсанда Ташкенттегі «Хумо Аренада» өткізді. Жерлесіміз өзбекстандық Тимур Никулинмен жұдырықтасып, айқасты алғашқы раундта техникалық нокаутпен аяқтады.