«Челси» қазақстандық футболшыға жаңа клуб іздеуге кірісе ме?
Англияда «Бернли» дейтін команда барын ағылшын футболының шын жанкүйерлері ғана білетін. Дастан Сәтпаевтың арқасында бұл клубты мұқым қазақ танитын болды.
Чемпионшип маусымының үштен бірі артта қалды. «Бернли» жеңілістен көз ашпай келе жатыр. Команданың өз алаңында (АПЛ, Чемпионшип) жеңіске жетпегеніне бір жылдан (21 матч) асты. Прогресс жоқ. Регресс. Клуб басшылығы классикалық жүріске салып, орта жолда бапкер ауыстырды.

Алан Пейс (photo: Burnley FC)
«Бернли» клубы жанкүйерлері команда қожайыны Алан Пейстің жұмысына наразылық танытып, «Pace out!» деген жазуы бар баннер алып шыққан еді. Бірақ Алан Пейс хейттің бәрін бапкерге ысырып, бұл тығырықтан аман шыққандай болды.
Америкалық кәсіпкер Барселона қаласындағы «Эспаньол» футбол клубының да иесі екенін бәрі біле бермес. Ол жақта да маусым ортасында үлкен ауыс-түйіс болды. Қазан айының соңында «Эспаньол» бас бапкері міндетіне Эдер Сарабия келді, содан бері клуб Ла Лигада екі мәрте жеңіске жетіп, бір рет тең түсті. Алан Пейс «өткелде ат ауыстыру» тәжірибесі ағылшын клубында да нәтиже береді деп санайды.
Әсілінде, «Бернли» басшылығы маусым басында басқаша сайраған. Негізгі мақсат – команданы АПЛ биігіне қайта алып шығу. Маусым сәтсіз басталған соң клубтың амбициясы да, сөзі де өзгерді: тоқыраудан аман қалып, Чемпионшипте тұрақтап қалу.
Дастанның арендасы жайлы «Челси» мен «Бернли» арасындағы келісімшарттың мазмұны бізге нақты белгісіз. Шамасы, екі клуб «Еті – сенікі, сүйегі – менікі» деген байламға келе алмаған сияқты. «Бернли» қазақстандық футболшыны ойнатқысы келеді, ал «Челси» медициналық штабы Дастанның физикалық саулығына алаңдайды. Тым сақ. Егер жағдай дәл осылай жалғаса беретін болса, қаңтарда Дастан басқа клуб іздеуі бек мүмкін.
Қазір Дастан Сәтпаев денсаулығын түзеп, сапқа қайта қосылу үшін Лондонда ем-дом алып жатыр.

Дастан Сатпаевтың «Бернли» сапындағы жаттығуы (photo: Burnley FC)
Еуропалық ТОП-клубтардың жалға беру тәжірибесіне сүйенсек, «Челси» Дастан Сәтпаевтың арендасы бойынша мынадай базалық талаптар қойған болуы мүмкін:
Recall clause – Дастанды жалға беру мерзімінің орта жолдан аяқталуына әсер ететін негізгі фактор. Көзін ашқалы ҚПЛ-де доп тепкен Дастан үшін ағылшындардың ұрда-жық футболы тым ауыр тиді. «Челси» мед-штабы да жас футболшының жарақаты рецидивке айналмас үшін жағдайдың алдын алуға көшті.
Жалға алу – қаржылық жағынан тиімді болғанымен, келісімшарт талаптарына сәйкес осындай қиындықтар туғызады. «Басыбайлы» трансфер болмағандықтан, Дастанды қалағанынша пайдалана алмайды. Бұл факторлар үш тарапты да («Бернли», «Челси», Дастан) қанағаттандырып отырған жоқ.
Алан Пейс «Бернли» клубын 2020 жылы сатып алды. Ол кезде «күрең клуб» АПЛ-дың тұрақты резидентіне айналған. 2016/17 – 2021/22 маусым аралығында аттан түспеді. Тіпті, 2017/18 маусымда тарихында алғаш рет Еурокубокқа жолдама алып, АПЛ турнирінде 7-орын иемденді. Сосын клубта тұрақсыздық басталды.
Бірақ бапкерлік карьерасын енді бастаған Венсан Компани 2022/23 маусымда «Бернли» клубын тығырықтан алып шығып, 101 ұпаймен команданы АПЛ-ға сүйреп әкелді. Бірақ клуб элит-лигаға қонақтағанымен, тұрақтай алмады. Бұл дағдарыстан тек Венсан Компани жеңімпаз болып шықты. ТОП-чемпионатта бар-жоғы бір маусым жұмыс істеген маман атақты «Бавария» клубының бас бапкері болып кетті.

Бір кездері “Бернли” бас бапкері Венсан Компани (photo: Getty Images)
2024/25 маусымда команданы құтқару үшін бас бапкер болып Скотт Паркер келді. «Бернли» сол маусымда Чемпионшипте 100 ұпай жинап, АПЛ-ға қайта шықты. Венсан Компани басымдықты шабуылға қойса (101 ұпай – 87 гол), Скотт Паркер бірінші кезекте қорғанысты ойлады (100 ұпай – 69 гол). «Бернли» 46 матчта қақпасына 16 гол жіберіп (30 матч - клиншит), Чемпионшип рекордын орнатты.
Клуб бір маусым АПЛ-да, келесі маусым Чемпионшипте ойнайтын әдет тапты. Сол әдет тәжірибеге айналды. Алан Пейс бұл жолы да тығырықтан шығатын жол іздеп, басымдықты жалақысы аз жастарға қойып отыр (Дастан Сәтпаев айына €14 мың алады (шамамен 8,1 млн теңге).
Алдағы маусымнан бастап Чемпионшип клубтарына АПЛ жолдамасы үшін талас толық өзгереді. Бірінші, екінші орын алған команда АПЛ-ға тікелей жолдама алса, 3-8 орынға жайғасқан клубтар қалған бір вакансия үшін жанталасады. Дәлірек айтсақ, 3-4 орын алған 2 команда ½ финалда қарсыласын күтсе, 5-8 орын алған клубтар ¼ плей-офф кезеңінен бастайды.
Алан Пейс «Бернли» маусымды сәтсіз бастағанымен, турнир соңында үздік 8-дік қатарына ілігетініне әлі үміттеніп отыр.
Жанкүйерлердің наразы болатындай жөні бар. Қазіргі «Бернли» өткен маусымда АПЛ-да ойнаған «күрең клуб» емес. Премьер-лигадан жырақтап қалған соң клуб нағыз донорға айналды.

«Бернли» жеңіске жеткен жалғыз матч (photo: Burnley FC)
Десе де, өткен маусымда АПЛ-дан шығып қалған «Бернли» (парашют төлем – €50 млн) Испания чемпионы болған «Барселона» клубынан (чемпиондық жүлде үшін – €46 млн) көп тапты. Бірақ, «Бернли» директорлар кеңесінің төрағасы Алан Пейс саудасы келген футболшысының бәрін сатты. Оның себебі де белгілі. АПЛ-ға қайта оралғанша араны қатты футболшылардың жалақысын өтей алмайды.
«Бернли» жалақы қоры бойынша Чемпионшиптегі үшінші команда. «Вест Хэм» және «Вулверхэмптон» клубтарынан кейін тұр. Аталған үш клуб та өткен маусымда АПЛ-да ойнаған. Өйткені, EPL ұйымы АПЛ-дан шығып қалған клубтардың банкротқа ұшырамауына, келісімшартқа сай футболшылардың жалақысын төлеуге қыруар субсидия бөледі. «Бернли» қожайыны Алан Пейс парашют төлемді командаға инвестиция ретінде жұмсаудың орнына, клубтың жалпы қарызын жабуға жұмсап отыр. Америкалық бизнесмен алаңдағы прогресті емес, алдымен клубтың қаржылық жағдайын тұрақты етуге кірісті (клубтың €40 млн қарызын жапты).
Біз жоғарыда 2022/23 маусымдағы Венсан Компани мен 2024/25 маусымдағы Скотт Паркерді бекер сөз етпедік. Компани – позициялық футбол, Скотт Паркер – нәтижеге негізделген прагматикалық футбол. Екеуі де жемісін берді. Бірақ, позициялық футболға көп уақыт керек. Ойын стиліне сай бірнеше трансфер, түрлі эксперимент қажет. «Бернли» клубында уақыт тапшы. Нәтиже бүгін һәм қазір керек. Сол үшін 12 матчта бір ғана жеңіс сыйлаған Ники Хайенмен қош айтысып, орнына ойын стилі ағылшын футболына жақын Фабио Челестиниді әкелді. Вертикаль һәм агрессияға толы футбол. Прессинг және қарқын. Доп алаңның әр нүктесінде аялдамай, қақпашыдан шабуылшыға тез жеткізетін авантюраға толы футбол.

Фабио Челестини, «Бернли» бас бапкері (photo: Burnley FC)
Дастан бұл тактикаға әбден дайын. Старттағы шапшаңдығымен бос кеңістікке жылдам өтіп, допты тартып алған жағдайда шалт қимылымен шабуылға қарқын қосуы – Фабио Челестини үшін таптырмас қасиет.
Вертикаль футбол қарқынды прессингті талап етеді. Доптан айырылған сәтте бірден қысым жасау (контрпрессинг) үшін энергиясы тасып тұрған жас футболшылар керек. Допты алған сәтте шабуылға дереу лап қоятын жүйеде дриблингке қымсынбай баратын шебер ойыншы ауадай қажет. Команда құрамында жойқын жылдамдықта допты «уысынан шығармайтын» техникасы бай талант болғаны жөн. Бұның бәрі Дастанның потенциалы мен позициясын ұштайтын маңызды факторлар.
Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны, «Атырау» клубының бас бапкері Самат Смақов «Бернли» сапындағы Дастан Сәтпаевтың жарақаты туралы пікірін айтты.
«Дастанның қазіргі жағдайы Қазақстанда жүргенде басталған. Мен футболшыны зорықтырмау туралы оның ата-анасына айтқанмын. Бір кездері дубльден шыққан Федор Черенков пен Марат Измайловты алдымен жастар құрамасы, ұлттық құрама және Чемпиондар лигасына дейін – барлық турнирге қатыстыра бергендей, Дастанды да барлығына жектік. Қазір соның салдары ауыр жарақатқа жеткізді. Небәрі 17-18 жастағы баланы барлық турнирде жектік. Енді сол жүктеменің салдары байқалып жатыр», – деді бапкер.

Ойын сәті (photo: Getty Images)
Чемпионшип – тактикалық позиция, ойын ырғағы және физикалық тартыс тұрғысынан ҚПЛ емес. Ұрда-жық чемпионат. Оған қоса, Дастан жазда «Челси» оқу-жаттығу жиынында болғанымен, «Бернли» клубының маусым алды дайындығына қатыса алмады. Командамен бірге турне жасаған жоқ. Екі клубта да жаттығу күйі қарқынды болғанымен, дайындық бағдарламасы әртүрлі.
Енді сөзімізді нақты фактілерге сүйеніп айтайық: «Бернли» сапында маусым алдындағы оқу-жаттығу жиынына түрлі себеппен қатыса алмаған футболшылардың дені кезек-кезек жарақат алып жатыр. Жартылай қорғаушы Арон Рэмзи 5 матчқа қатыса алмады. Маусым басында қатардан шығып қалған Башир Хамфристің (қорғаушы) командаға қашан оралатыны әлі белгісіз. Үш маусым бойы команданың орта сақасына айналған Ганнибал Меджбридің (жартылай қорғаушы) алаңға шықпағанына 10 матч болды. Сол сияқты Дастан Сәтпаев та маусым басталғалы 9 матчына шыға алмайын деп отыр. Хамстринг – санның артқы бұлшықеттері мен сіңірлерінің созылуы немесе үзілуі. Аталған футболшылардың бәріне ортақ диагноз осы.
«Бернли» қожайыны Алан Пейс қазір клубтың қаржылық жағдайына бас ауыртып отыр. Себебі, команда нәтижесі клубтың қалтасына тікелей әсер етеді. Сондықтан, шұғыл арада тығырықтан шығуға кіріскен клубқа дәл қазір Дастанды додаға қосу үшін «Челси» клубының рұқсатын алуға уақыты да, мүмкіндігі де жоқ.
Дастанның Кобхэмге мерзімінен бұрын оралуы – сәтсіздік емес, керісінше, уақытында жасалған прагматикалық қадам. Дастан Сәтпаев – «Челси» үшін көп таланттың бірі емес, ұзақ мерзімді инвестиция.