Жәнібектен чемпиондық белбеулерін алып, оны екі жылға дисквалификация береді
Белгілі бокс рефериі әрі төреші Геннадий Мартиросян қазақстандық орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы допинг-тесттен сүрінген жағдайда қандай жазаға тартылуы мүмкін екенін айтты.
«Менің ойымша, Жәнібектен чемпиондық белбеулерін алып, оны екі жылға дисквалификация береді», – деп түйіндеді Мартиросян.
Айта кету керек, Геннадий Мартиросянның пікірін сараптамалық деп бағалауға болады. Ол бұған дейін кәсіби боксшы ретінде жұдырықтасып, Дмитрий Пирог секілді қарсыластармен рингке шыққан. Кәсіби мансабын аяқтаған соң, төрешілік пен рефери қызметіне бет бұрды.
2025 жылдың желтоқсан айында Жәнібек Әлімханұлының допинг-тест нәтижелерінен тыйым салынған мельдоний препаратының іздері табылғаны белгілі болды. Осыған байланысты оның WBA чемпионы Эрисланди Лараға қарсы жоспарланған біріктірілген жекпе-жегі кейінге қалдырылды.
8 қаңтар күні спортшының допинг-сынамадағы «В» пробасы ашылды. Оның нәтижелері жақын арада жарияланады.
Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлы мен Эрисланди Лара арасындағы жекпе-жек 7 желтоқсанда (Қазақстан уақытымен) АҚШ-тың Техас штатындағы Сан-Антонио қаласында өтуі тиіс болған. Алайда кездесу белгісіз мерзімге шегерілді.
Сондай-ақ 2 желтоқсанда 15 қараша күні тапсырылған допинг-сынамада мельдонийдің іздері анықталғаны ресми түрде хабарланған болатын.