Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

«Сана биігінде өсу»: Жанқош Тұраров Назарбаевтың жиенімен өзін не байланыстыратынын айтты

17.02.2026, 22:35

Ол кездесу ерекше өткенін алға тартты.

«Сана биігінде өсу»: Жанқош Тұраров Назарбаевтың жиенімен өзін не байланыстыратынын айтты
instagram.com/zhankoshturarov

Қазақстандық танымал кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені, кәсіпкер Нұрәлі Әлиевпен кездесті. 

Жүздесудің фотосуретін былғары қолғап шебері өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Кездесу туралы пікірін Жанқош Тұраров рухани мазмұндағы жазбамен бөлісті.

«Сана биігінде өсу мен жан деңгейінде сырласып, сұхбаттасудың жөні бөлек. Нұрекең екеумізді байланыстыратын үлкен трансформациялық ортақ тәжірибеміз бар. Рухани өсу – нағыз жетістік екенін түсініп келемін. Әлхамдулиллаһ», – деп жазды боксшы.

Айта кетейік, соңғы уақытта Нұрәлі Әлиев адамның ішкі күйі жайлы жиі сөз қозғап жүр. Жақында ғана өткен форумдардың бірінде Әлиев өзін Spark of Light жобасының негізін қалаушы ретінде таныстырып, ішкі күйін жақсартуда рухани практикаларды қолданудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, адам үшін «терең ішкі трансформация» – басты қажеттіліктердің бірі.

Ал Жанқош Тұраровтың спорттық мансабына келсек, қазақстандық кәсіпқой боксшы (29-0, 20 KO) соңғы рет өткен жылдың қыркүйек айында шаршы алаңға шықты. Алматыда өткен бокс кешінде ол бірінші жартылай жеңіл салмақта филиппиндік Али Канегамен (12-3-1, 8 KO) жұдырықтасты. Он раундқа жоспарланған жекпе-жек алғашқы кезеңде-ақ аяқталуы мүмкін еді, алайда Тұраров көрермен үшін айқасты соңына дейін созды. Нәтижесінде Жанқош Тұраров төрешілер шешімімен жеңіске жетті. 

Осылайша, Тұраров кәсіби мансабындағы 29-жеңісін тіркеп, әлі күнге дейін жеңілмеген боксшы мәртебесін сақтап қалды. Ал филиппиндік спортшы үшін бұл үшінші жеңіліс болды.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам