Америкалық журналист чемпиондық белбеулердің беделі төмендегенін айтты
Америкалық журналист Майк Коппинджер суперауыр салмақтағы украиналық чемпион Александр Усиктің келесі жекпе-жегіне қатысты пікір білдіріп, қазіргі бокста чемпиондық белбеулердің маңызы бұрынғыдай емес екенін айтты.
Өткен аптада 23 мамыр күні Усик нидерландтық кикбоксшы Рико Верхувенмен кәсіпқой бокс ережесі бойынша жекпе-жек өткізетіні ресми жарияланған болатын. Айқас Мысырдағы Гиза пирамидаларының маңында өтпек.
Коппинджердің пікірінше, Усик мұндай көрмелік сипаттағы жекпе-жек өткізуге әбден лайық. Себебі ол суперауыр салмақта іс жүзінде барлық мықтылармен жұдырықтасып үлгерді.
«Усик бұл дивизионда бәрімен дерлік жұдырықтасты. Энтони Джошуа және Тайсон Фьюримен жалпы төрт рет кездесті. Сонымен қатар Даниэль Дюбуа, Дерек Чисора сынды қарсыластармен де айқасты. Иә, Уордли мен Кабайел де лайық қарсыластар. Бірақ егер Усик аздап шоу жасап, жанкүйерлерге ерекше кеш сыйлағысы келсе — неге болмасқа?», – деп жазды журналист X әлеуметтік желісінде.
Пікірталас барысында оқырмандардың бірі украиналық боксшыны Верхувенмен жекпе-жек өткізу туралы шешімі үшін чемпиондық титулдарынан айыру керек деген ұсыныс білдірген. Алайда Коппинджер бұл оймен келіспей, қазіргі таңда белбеулердің салмағы бұрынғыдай емес екенін атап өтті.
Мысал ретінде ол қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының жағдайын алға тартты. Оның айтуынша, орта салмақтағы WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы оң допинг-сынақтан кейін де титулын сақтап қалды.
«Қазір белбеулер кімге қызық? Ережелерді өздеріне ыңғайлап өзгерте береді. Неліктен Жәнібекті титулдан айырмады? Мен белбеулерге мүлде мән бермеймін», – деді Майк Коппинджер.