Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

«Қате». Андре Уорд Флойд Мейвезердің шешімін сынға алды

02.03.2026, 12:04

Мейвезер сәуірде Тайсонмен жұдырықтасады.

«Қате». Андре Уорд Флойд Мейвезердің шешімін сынға алды
©boxingscene.com

Америкалық бокс аңызы, 49 жастағы Флойд Мейвезердің кәсіби мансабын қайта жалғастыру туралы шешімі қызу талқыланып жатыр. Бұл жайтқа қатысты бұрынғы әлем чемпионы Андре Уорд та пікір білдірді.

Алдын ала жоспарға сәйкес, Мейвезер сәуір айында Конго Демократиялық Республикасында өзінің отандасы, аты аңызға айналған Майк Тайсонмен жекпе-жек өткізуі мүмкін. Одан кейін жазда филиппиндік даңқты боксшы Мэнни Пакьяомен реванш өткізеді деген хабар бар.

Уорд Мейвезердің оралуына қатысты алаңдаушылық білдірді:

«Флойдтың қайта оралуы - екі ұшты мәселе. Оның Мэннимен жекпе-жек өткізгеніне қарсы емеспін. Бірақ егер Флойд шын мәнінде кәсіби рингке қайта оралып, толыққанды санкцияланған айқастар өткізетін болса, мен мұны құптамаймын.

Мен Флойдтың аты белгісіз біреуге есе жібергенін көргім келмейді. Қазіргі жастар Флойд аңыз екен деп аяп отырмайды. Керісінше, оны жеңіп, есімін тарихта қалдырғысы келеді. Оның оған дейін не істеп, не қойғанының да маңызы қалмайды, көпшілік үшін Флойдты жеңген алғашқы боксшы болып қалады», - деді Уорд.

Флойд Мейвезер - бес салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған боксшы. Ол кәсіби мансабында 50 жекпе-жек өткізіп, соның бәрінде жеңіске жеткен. 2017 жылы ол ирландиялық аралас жекпе-жек шебері Конор Макгрегорды техникалық нокаутпен ұтып, рингтен кеткен еді.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам