Сұлтан Зауырбек үздік төрттіктегі орнын сақтап қалды
Дүниежүзілік бокс қауымдастығы (WBA) барлық салмақ дәрежелері бойынша жаңартылған рейтингін жариялады. Жаңа тізімде қазақстандық боксшылардың көрсеткіштерінде бірқатар өзгеріс тіркелді.
Ең елеулі жаңалықтардың бірі – екінші орта салмақта өнер көрсететін Бек Нұрмағанбеттің рейтингтен шығып қалуы болды. Бұған дейін ол аталған дивизионда 11-орында тұрған еді.
Ал WBA Asia чемпионы Руслан Мәдиев өз позициясын жақсартып, жартылай орта салмақта сегізінші орынға көтерілді. Осылайша қазақстандық боксшы әлемдік рейтингтегі жағдайын нығайта түсті.
Екінші жеңіл салмақтағы Сұлтан Зауырбек те үздіктер қатарындағы орнын сақтап қалды. Ол WBA рейтингінде төртінші сатыда тұр және чемпиондық жекпе-жекке басты үміткерлердің бірі саналады.
Тағы бір қазақстандық былғары қолғап шебері Елшат Нығметолла да алға жылжыды. WBA Asia белбеуінің иегері рейтингте бір саты жоғарылап, жетінші орынға көтерілді.
Осылайша WBA-ның жаңартылған рейтингінде қазақстандық боксшылардың басым бөлігі өз көрсеткіштерін жақсартқанымен, Бек Нұрмағанбет үздік ондыққа жақын тұрған орыннан айырылып қалды.