
Ол Афины Олимпиадасында топ жарған болатын
Бокстан Олимпиада ойындарының чемпионы (2004) және кәсіпқой бокста әлем чемпионы ресейлік Александр Поветкин допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін төрт жылға спорттан шеттетілді. Бұл туралы Халықаралық допинг-тестілеу агенттігі (ITA) мәлімдеді.
Ереже бұзылған уақыт 2014 жылғы 25 қазан деп көрсетілген.
45 жастағы Поветкин мансабын 2021 жылы аяқтап, былтыр мамырда Вологда облысының вице-губернаторы болып тағайындалған еді. Ол жастар саясаты, спорт және патриоттық тәрбиеге жауапты болған. Алайда, кешегі желтоқсан айында қызметінен кетті.
ITA 2024 жылғы қазанда Поветкинді уақытша шеттетсе, енді нақты шешім қабылдаған: шеттету мерзімі 2028 жылғы 20 қазанға дейін жалғасады.
Поветкин кәсіпқой бокста 36 рет жеңіске жетіп (соның ішінде 25-і нокаутпен), үш рет жеңілген және бір айқасы тең аяқталған.