Чемпиондар да таксовать етеді. Допинг дауы – саяси тапсырыс. Спорттан кейінгі депрессия

«Боксты қойдым деп айтқан жоқ»: Қамшыбек Қоңқабаевтың жеке бапкері пікірін айтты

25.01.2025, 10:43

Ұлттық құраманың экс-капитаны қазір Астанада жүр

«Боксты қойдым деп айтқан жоқ»: Қамшыбек Қоңқабаевтың жеке бапкері пікірін айтты
olympic.kz

Осыдан бірнеше күн бұрын Токио олимпиадасының қола жүлдегері, ұлттық құраманың экс-капитаны Қамшыбек Қоңқабаевтың бокспен қоштасқаны туралы ақпарат тарады. Мұны құрама бапкері Қайрат Сәтжанов айтқан еді. Дегенмен, былғары қолғап шеберінің өзі үнсіз. Өзіне де хабарласып сөйлесе алмадық. Ал, жеке бапкері Сейітжан Төкенов «шәкіртіммен соңғы рет сөйлескенде, әлі нақты шешім қабылдамағанын алға тартып еді» деп отыр.

«Қамшыбек бас бапкерге мансабын аяқтайтынын жеке хабарласып айтқан болса керек, бірақ бізге мансабына қатысты шешімін жеткізген жоқ. Осыдан он шақты күн бұрын сөйлескенбіз. Сол кезде нақты шешім қабылдамағанын, әлі де ойланып жүргенін жеткізген. Осыдан бірер күн бұрын ұлттық құраманың бас бапкері Қамшыбектің карьерасын аяқтағанын растады, өзі іштей шешім қабылдаған болса керек. Әйтпесе осы уақытқа дейін жаттығуға кірісіп кететін еді ғой. Оқу-жаттығу жиындарына қатыспаған соң, Қазақстан біріншілігінде бақ сынамаған соң ұлттық құрамадан шығып қалады. Кейде адам үзіліс алғысы келетін кездер болады. Ораламын десе, қайта жалғастыруына да болады. Бірақ, маған келіп: «ағай, болды, бокспен қоштастым» деп нақты айтқан жоқ», - дейді боксшының жеке бапкері. 

Маманның сөзінше, Қамшыбек осы уақытқа дейін жарақаттарын емдеп, ал қазір Астанада жүр. Біз маманнан Қамшыбектің болашаққа жоспары жайлы сұрадық.  

«Қазір ол Астанада. Жаттығу жасап жатқан жоқ, жұмысқа да кіріспеді. Негізі болашаққа жоспары жайлы сөйлескен жоқпыз. Себебі ол бұған дейін спортта жүретінін жеткізген. Жұмысқа ұсыныстар бар шығар. Бір білерім, ол бапкер болмайды. Боксты, ел спортын дамытуға үлес қосамын дейтін шығар, онысын құп көреміз. Жасы да 30-дан асты. Бокстан кейін де өмір бар, одан кейін де жұмыс істеу керек. Дегенмен, ауыр салмақтарда 40 жасқа дейін жүре береді. Тіпті жеңіл салмақтағы Теміртас Жүсіповтің өзі 1988 жылғы, әлі де құрама сапында», – деді Сейітжан Төкенов.

Еске салайық, Қамшыбек Қоңқабаев Париж Олимпиадасында жеңілгеннен кейін жаттығуға кіріспеген. Ол содан бері ешқандай жарысқа да қатыспады.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам