
Санжар Тәшкенбай Олимпиадаға бару үшін салмағын өсіре ала ма?
Биыл 30 маусым мен 7 шілде аралығында Астанада бокстан Әлем кубогінің екінші кезеңі өтеді. Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов аталған додаға қатысатын қазақ боксшыларының тізімін жариялап үлгерді. Десе де, олардың арасында Сәкен Бибосынов пен Төрехан Сабырхан жоқ.
Әлем кубогіне қатысатын құраманың қалай жасақталғанын білу мақсатында Қайрат Сәтжановты әңгімеге тарттық.
– Әлем кубогіне Олимпиада жүлдегері Сәкен Бибосынов пен болашағынан зор үміт күттіретін Төрехан Сабырхан да қатыспайды. Оларға басқа жоспарыңыз бар ма?
– Әлем кубогіне бірінші номерлі боксшыларды қатыстырамыз. Сіз айтып отырған екеуі де өз салмағында бірінші номер емес. Төрехан Сабырхан туралы айтар болсам, оның салмағында көшбасшы – Абылайхан Жүсіпов. Қарағандылық боксшы былтыр Азия чемпионы атанған болатын. Ал, Төрехан әзірге екінші номердегі боксшы.
Сәкен Бибосынов та екінші номерде. 55 келіге жаңа ауысты. Бұл салмақта бірінші номер – Махмұд Сабырхан. Жалпы, 55 келіде мықты боксшылар көп. Сәкен мен Махмұдтан бөлек, Әлем кубогының иегері – Алтынбек Нұрсұлтан, Тимур Қабдеш сияқты кіл мықты боксшылар бар. Кенжебек Бағлан деген жас боксшы — Испанияда өткен жарыстың жеңімпазы. Бәсекелестік өте жоғары. Бір салмақта 8 бірдей боксшымыз бар.
– Мамыр айының басында Варшавада Әлем кубогі өтті. Оған ұлттық құрама неге қатысқан жоқ?
– Бұл жарыс ауызша Әлем кубогі деп аталғанымен, негізі халықаралық турнир санатына жатады. Әлем кубогінің екінші кезеңі Астанада өтеді. Сондықтан, Польша асанасына бару жоспарымызда болған жоқ. Біз өз елімізде өтетін Әлем кубогіне дайындалып жатырмыз.
Түркістан облысындағы «Алматау» базасында бізде жалпы физикалық дайындық оқу-жаттығу жиыны өтті. Екіншісі Щучинск қаласында өтеді. Үшінші оқу-жаттығу жиыны Астанада жоспарланған. Бұл оқу-жаттығу жиынына Америка, Канада, Бразилия, Аустралия, Ирландия сияқты елдердің боксшылары келеді. Біріккен оқу-жаттығу жиындары болмақ.
– World boxing Олимпиада салмақтарын бекітті. Бірақ бұл тізімде Санжар Тәшкенбайдың салмағы жоқ. Оның алдағы уақыттағы тағдыры не болмақ? Әлде салмақ ауыстыра ма?
– Иә, олимпиадалық салмақта 50 келі жоқ. Өз басым бұны дұрыс емес деп ойлаймын. Себебі, Азия – ең үлкен құрлықтардың бірі, мұнда жеңіл салмақтағы боксшылар саны өте көп. 50 келі осы азиаттардың салмағы еді. Енді Санжар Тәшкенбайға өте ауыр болмақ. Қазіргі уақытта оның салмағы 51-52 келінің шамасы. 55 келіде жұдырықтасу үшін 58-60 келіге дейін өсу керек. Өскен күннің өзінде ол салмақтағылардың физикалық дайындығы өте мықты. Оның үстіне, 55 келінің өзінде Қазақстанның ішінде бәсекелестік өте жоғары. Қиын болады деп отырғаным осы.
– Уақыт тауып сұхбаттасқаныңызға рахмет.