
Үш қазақстандық боксшы кем дегенде әлем кубогының қола жүлдесін Қазақстан құрамасының қоржынына салды.
Астанада өтіп жатқан World Boxing аясындағы әлем кубогында тағы үш қазақстандық боксшы жартылай финалға өтті.
Атап айтсақ, 55 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп жатқан Махмұд Сабырхан ширек финалда техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Отандасымыз 55 келіге дейінгі салмақта Филиппин өкілі Джуд Аарон Бадомен қолғап түйістірді.
Махмұд жекпе-жек барысында қарсыласын төрт рет нокдаунға жіберді. Нәтижесінде төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды.
75 келіге дейінгі салмақта бақ сынап жатқан Сабыржан Аққалықов ширек финалда канадалық Джошуа Офоримен өзара мықтыны анықтады.
Бірінші раундта Канада өкілі басымдық танытты. Алайда, жекпе-жектің екінші және үшінші бөлімінде Сабыржан Аққалықов керемет бокс үлгісін көрсетіп, жеңісті жұлып алды.
Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) Ширек финалда италиялық Диего Ленцимен кездесті. Отандасымыз үш раундтың қорытындысы бойынша басым түсті.
Сөйтіп үш қазақстандық боксшы кем дегенде әлем кубогының қола жүлдесін Қазақстан құрамасының қоржынына салды.
Әлем кубогына 30 елден 300-ге жуық боксшы қатысып жатыр. Бұл Олимпиадалық WORLD BOXING ұйымының Қазақстандағы алғашқы жарысы болып отыр.