
Адаместі ашық айқасқа шақырып, әйгілі промоутер Турки Әл-аш Шейхке де үндеу тастады.
Орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлының (17-0, 12 KO) командасы WBC белбеуінің иегері Карлос Адамеспен (Доминикана) жекпе-жек өткізу талабын күшейте түсуде.
Жәнібектің менеджері Эгис Климас (әлемге әйгілі украиналық Василий Ломаченконың да менеджері – авт.) бұл жолы тікелей және батыл үндеу жасады. Ол өзінің X (бұрынғы Twitter) парақшасында Адаместі ашық айқасқа шақырып, әйгілі промоутер Турки Әл-аш Шейхке де үндеу тастады.
«Қазақ стилі» — қарсыластың бәрі қашқақтайтын боксшы! Бұл спортта неліктен қорқақтардың тым көбейіп кеткенін түсіне алмаймын...
Карлос Адамес, жекпе-жектен қорқатын болсаң, онда рингке не үшін шықтың?
Жәнібекпен бірігу айқасына шық! Бәрі соны күтіп жүр немесе батылдық танытып, қорқатыныңды мойында!
Бос сөз айту оңай – (Турки Аль-аш Шейх пен бүкіл бокс әлеміне арналады)», – деді Климас.
Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы да әлеуметтік желіде WBC чемпионын айқасқа ашық шақырып, келісімшартқа қол қоймай отырғаны үшін айыптаған болатын. Оның айтуынша, жекпе-жекке барлық жағдай жасалған, алайда Адамес түрлі сылтаулармен келісім бермей жүр.
Қазақстандық боксшы соңғы жекпе-жегін 5 сәуірде Астанада өткізіп, француз Анауэль Нгамиссенгеді (14-1, 9 КО) бесінші раундта нокаутпен жеңіп, WBO және IBF титулдарын сәтті қорғаған болатын.
Ал Карлос Адамес WBC белбеуін 2023 жылдың жазында қорғағаннан кейін, биылға дейін нақты қарсылассыз жүр. Осылайша, жанкүйерлер мен мамандар екі чемпион арасындағы біріктіруші жекпе-жекті асыға күтіп отыр.