
Әзірге оның өлімінің нақты себебі айтылмады
Мексикалық боксшы Педро Антонио Родригес АҚШ-тағы жекпе-жекте соққы алып, арада бірнеше сағат өткеннен кейін көз жұмды.
Marca басылымының мәліметінше, қайғылы жағдай сенбі күні кешке Аризона штатының Финикс қаласында болған. Родригес екінші жеңіл салмақ дәрежесінде өткен турнир аясында америкалық Филипп Веллемен алты раундтық кездесуде жұдырықтасып, төрешілердің ортақ шешімімен жеңіліс тапты.
Жекпе-жектен кейін 37 жастағы мексикалық боксшы қонақүйге оралып, басқа спортшылармен бірге кешкі ас кезінде кездесуге келіскен. Алайда, сол түні ол қонақүйдің фойесіне мүлде шықпаған. Келесі күні таңертең қонақүй қызметкерлері оның бөлмесіне кіріп, боксшының жансыз денесін тапқан. Олар Родригес таңғы уақытта әуежайға аттанатын көлікте болмаған соң бөлмесіне кіруге мәжбүр болған.
Қазір жергілікті полиция марқұмның өлімінің себебін анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр. Айта кетейік, Финиксте өткен бұл турнирді Del Sol Boxing Promotions промоутерлік компаниясы ұйымдастырған.