Ол клуб тізгінін былтыр жазда алған.
Мадридтің «Реал» клубы Испания Суперкубогының финалындағы сәтсіздіктен кейін бас бапкер Хаби Алонсомен қош айтысты.
Оның орнын Альваро Арбелоа басты.
Жексенбі күні Сауд Арабиясында өткен шешуші кездесуде мадридтік ұжым «Барселонаға» 2:3 есебімен есе жіберді. Осылайша, «Реал» каталониялық командамен өткен соңғы алты ойында бес рет жеңіліс тапты. Оның үшеуі түрлі турнирлердің финалында тіркелгені жағдайдың қаншалықты күрделі екенін аңғартады.
Хаби Алонсо «корольдік клубтың» тізгінін өткен жазда алып, тәжірибелі Карло Анчелоттидіңорнын басқан болатын. Алайда маусым бойы команда тұрақсыз ойын өрнегін көрсетті. Жергілікті БАҚ 2025 жылдың соңына қарай-ақ Алонсоның тағдыры қыл үстінде тұрғанын жаза бастаған. Әсіресе қарашаның басынан желтоқсанның ортасына дейін «Реалдың» сегіз матчта небәрі екі рет жеңіске жетуі бапкерге деген сенімді әлсіретті.
Сол кезеңде-ақ Испания Суперкубогындағы нәтиже Хаби Алонсоның клубтағы тағдырын шешуі мүмкін екені айтылған, солай болды да.