Бұл шешімдер 2,3 млрд теңге көлемінде бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкелген.
Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубының бұрынғы президенті Бауыржан Әбдубаитовке қатысты қылмыстық іс ақтамайтын негіздермен тоқтатылды.
Тергеу материалдарына сәйкес, Әбдубаитов клубты басқарған кезеңде футболшылармен көпмиллиондық келісімшарттар жасалып, директорлар кеңесінің келісімінсіз қомақты бонустар тағайындалған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет дерегінше, бұл шешімдер 2,3 млрд теңге көлемінде бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкелген.
Тексеру барысында тағы бір дерек анықталған. Клубтың Конференциялар лигасына қатысуына бөлінген 1,2 млрд теңге мақсатты түрде пайдаланылмаған. Ақпаратқа сай, қаражат логистика мен матчтарды ұйымдастыруға емес, салық берешегін өтеуге және футболшыларға үстемақы төлеуге жұмсалған.
Осы фактілер бойынша құқық қорғау органдары қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану және бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсау белгілерімен қылмыстық істер тіркеген. Тексеру бір мезетте Қылмыстық кодекстің екі бабы аясында жүргізілген.
Бақылаушы орган тергеудің басталғанын жариялағаннан кейін жеті ай өткен соң, Бас прокуратура істің мәртебесіне қатысты ресми түсініктеме берді.
Ресми жауапта Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік департаменті Әбдубаитовқа қатысты «абайсыздық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп, оның қорытындысымен істің ақтамайтын негіздермен тоқтатылғаны көрсетілген. Бұл шешіммен қала прокуратурасы келісім берген. Сонымен қатар ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі өндірістің өзге деректері жария етілмейтіні айтылды.
Анықтамаға сәйкес, қылмыстық қудалау реабилитациясыз тоқтаған. Яғни, іс жабылғанымен, тұлға толық ақталмайды, бірақ қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, жаза қолданылмайды.
Еске салайық, Бауыржан Әбдубаитов «Ордабасы» ФК президенті қызметіне 2022 жылдың ақпанында келген. Ал 2024 жылдың мамырында денсаулық жағдайын алға тартып, қызметінен кеткені хабарланған.
Қазіргі таңда Шымкент қаласының әкімдігі «Ордабасы» футбол клубын жекешелендіруге дайындық жүргізіп жатқанын растады. Потенциалды жеке инвесторлармен келіссөздер басталған. Бұл шешім қалалық бюджетке түсетін жүктемені азайтып, алдағы уақытта осындай даулы жағдайлардың алдын алуға бағытталған.