Турнир 17 наурызда Мароккода басталуы тиіс болған
Әйелдер арасындағы Африка ұлттар кубогы (WAFCON) турнирі басталуына 12 күн қалғанда кейінге шегерілді. Бұл туралы Африка футбол конфедерациясы (CAF) мәлімдеді.
Бастапқыда турнир 17 наурызда Мароккода басталуы тиіс болған. Алайда «күтпеген жағдайларға» байланысты жарыс жаз мезгіліне ауыстырылып отыр. Енді турнир 2026 жылдың 25 шілдесі мен 16 тамызы аралығында өтеді. Дода ерлер арасындағы әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін бір аптадан соң басталады деп күтілуде.
Бұл турнир Мароккода үшінші рет ұйымдастырылуы тиіс еді. Алайда елдің турнирді қабылдауға дайындық деңгейі күмән тудырған. Бұған қаңтар айында Марокко ерлер құрамасының Сенегалға қарсы Африка кубогының даулы финалында жеңілуі де әсер еткен көрінеді.
Айта кетейік, 2024 жылғы әйелдер арасындағы Африка ұлттар кубогы бұған дейін 2025 жылға ауыстырылған еді. Мұндай шешім Замбия мен Нигерия футболшыларына Париж Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік беру үшін қабылданды Ал 2020 жылғы турнир коронавирус пандемиясына байланысты мүлде өткізілмеді.
Бұған дейін өткен соңғы турнирде Нигерия құрамасы чемпион атанған болатын. Олар 13 турнирдің 10-ында үздік шыққан.