Бұл туралы Өзбекстан СІМ-нің ресми өкілі Омонулла Файзиев мәлімдеді
Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі ұлттық футбол құрамасының АҚШ-қа барған кезде күшейтілген тексеруден өткізілуіне байланысты Вашингтоннан ресми түсініктеме сұратты.
Бұл туралы Өзбекстан СІМ-нің ресми өкілі Омонулла Файзиев мәлімдеді. Оның айтуынша, оқиғаға байланысты Нью-Йорктегі Өзбекстанның Бас консулдығы арқылы АҚШ-тың тиісті органдарымен байланыс орнатылып, жағдайға қатысты ресми түсініктеме талап етілген.
«Біздің футболшыларға қатысты жағдай бойынша Нью-Йорктегі Бас консулдық арқылы АҚШ-тың тиісті мекемелерімен байланыс орнатылып, оқиғаға байланысты ресми түсініктеме сұратылды», – деді Файзиев.
Сонымен қатар ол Өзбекстан тарапы әлем чемпионаты секілді ауқымды халықаралық жарыстарда қауіпсіздік шараларының күшейтілетінін түсінетінін атап өтті.
«Мұндай процестер спорттық жарыстардың рухына, әсіресе өзара құрмет пен достық қарым-қатынасқа кері әсер етпеуі маңызды деп есептейміз», – деді министрлік өкілі.
Еске салайық, бұған дейін Өзбекстан құрамасының Нью-Йоркке келгеннен кейін күшейтілген тексеруден өткені туралы жазған едік. Делегация мүшелерін арнайы қызметкерлер мен қызметтік иттердің көмегімен жеке-жеке тексергені хабарланған. Кейіннен Өзбекстан құрамасының бас бапкері Фабио Каннаваро бұл ақпараттың рас екенін растады.
Айта кетейік, Өзбекстан құрамасы тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне қатыспақ.