Әлеуметтік желіде Аргентина футбол қауымдастығының (AFA) басшысы Клаудио Тапианы АҚШ-та ФБР ұстады деген ақпарат тарап кетті. Аталған ақпаратқа байланысты аталған ұйымның ресми өкілдері жауап берді.
Еске салайық, Әлем чемпионаты барысында футбол сарапшылары ФИФА-ның Аргентина құрамасына ерекше бүйрегі бұратынын айтып дабыл қаққан еді. AFA басшысының ұсталғаны туралы сыбыс осыдан кейін пайда болды.
«Соңғы сағаттарда бұқаралық ақпарат құралдарында тараған хабарламаларға байланысты Аргентина футбол қауымдастығы төмендегідей түсініктеме беруді қажет деп санайды.
Әртүрлі жарияланымдарда айтылып жүрген құжат AFA президенті Клаудио Тапияға жолданған сотқа шақыру қағазы болып табылмайды.
АҚШ-тың Флорида штатының Оңтүстік округтік соты берген шақыру қағазы үшінші тұлғаға жолданған. Ол сотқа келуге және қажет болған жағдайда осы қауымдастықтың лауазымды тұлғаларын қоса алғанда, бірқатар адамдарға қатысты құжаттар мен хат-хабарларды ұсынуға міндетті.
Сондықтан Клаудио Тапияны АҚШ сот жүйесі жауап алу үшін сотқа шақырды деген мәлімдеме шындыққа жанаспайды. Сондай-ақ оның немесе өзге де тұлғалардың ұялы телефондары не басқа электрондық құрылғылары тәркіленді деген ақпарат та жалған.
Аталған құжатта AFA президентіне қатысты қандай да бір жеке процессуалдық шаралар көзделмеген, оны сотқа келуге міндеттемейді, оған ешқандай процессуалдық міндет жүктемейді және оның мүлкін тұтқындау немесе тәркілеу рәсімдері туралы ешқандай мәлімет қамтымайды.
Дәл емес немесе әдейі бұрмаланған ақпараттың таралуы қоғамды жаңылыстырып, адамдар мен ұйымдардың абыройы мен беделіне негізсіз нұқсан келтіреді», — делінген Аргентина футбол қауымдастығының Х әлеуметтік желісіндегі мәлімдемесінде.