Роналдудың әпкесінің күйеуіне қатысты қылмыстық тексеру басталды
Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналдудың әпкесінің күйеуі Алешандре Бертолуччи Бразилияда заңсыз әтеш төбелесін ұйымдастырды деген күдікпен тергеуге алынды.
Daily Mail басылымының хабарлауынша, құқық қорғау органдары жасырын түрде ұйымдастырылатын әтеш төбелестері туралы ақпараттан кейін ауқымды рейд жүргізген. Нәтижесінде арнайы мура тұқымына жататын шамамен 1500 жауынгер әтеш анықталған. Тергеу мәліметінше, құстардың бір бөлігі талапқа сай емес жағдайда ұсталған, ал кейбірінен ауыр жарақаттар байқалған.
Алайда Алешандре Бертолуччи өзіне тағылған күдіктерді толықтай жоққа шығарды. Оның айтуынша, заңсыз әтеш төбелестеріне ешқандай қатысы жоқ және мұндай қызметпен айналыспайды.
Қазіргі уақытта Бразилияның құқық қорғау органдары тергеуді жалғастырып жатыр. Әзірге Бертолуччидің заңсыз әрекетке қатысы бар-жоғы жөнінде ресми қорытынды жарияланған жоқ.