BBC журналисі Дастан Сәтпаевтың Англиядағы ойынына жоғары баға берді
BBC Radio Lancashire журналисі Росс Хитон «Бернли» сапында өнер көрсетіп жүрген 18 жастағы қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаевтың ойыны мен болашағына қатысты пікір білдірді.
Сәтпаев Чемпионшиптің үшінші турында «Норвичке» қарсы матчта алғаш рет негізгі құрамда шығып, 90 минут толық ойнады. «Бернли» 1:4 есебімен жеңілгенімен, қазақстандық футболшы командасындағы үздіктердің бірі болды.
«Бұл өте әсерлі ойын болды. «Бернли» үшін ауыр күн болғанына қарамастан, Дастан алаңда асқан жауапкершілік пен жанкештілік танытты. Оның еңбегі мен шеберлігі керемет болды. Меніңше, ол 10 ұпайдың 9-ын немесе 10-ын алуға лайық. Жанкүйерлер де оның ойынына риза. Біз оның мүмкіндіктері мен қай позицияда тиімді ойнайтынын әлі де зерттеп жатырмыз. Бірақ әлеуеті зор», — деді Хитон.
Журналист Чемпионшиптің қарқыны мен физикалық тұрғыдан аса күрделі біріншілік екенін де атап өтті. Оның айтуынша, қарсыластар жас әрі техникасы жоғары Сәтпаевқа әдейі қатаң ойнауы мүмкін.
«Командалар әртүрлі мәнерде ойнайды: бірі допты бақылауға тырысса, енді бірі агрессивті футболды таңдайды. Дастан мұндай күреске дайын болуы керек. «Челсидегі» тәжірибесі және ағылшын тілінде сөйлеуге талпынысы оның жаңа ортаға тез бейімделуіне көмектеседі. Ең бастысы — оған артық қысым жасамай, дамуына мүмкіндік беру. Табиғи таланты мен дұрыс көзқарасы бар. Сондықтан ол өте мықты футболшы болып қалыптаса алады», — деді BBC журналисі.
«Норвичке» қарсы кездесуде Сәтпаев төрт нәтижелі дриблинг жасап, үш маңызды пас берді. Flashscore порталы оған 7,5 ұпай қойып, «Бернлидің» үздік ойыншысы деп таныды.