Сәтпаев «Челси» клубының базасында ем қабылдап жатыр
Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев алдағы халықаралық үзілістен кейін жаттығуға қайта кірісуі мүмкін. Бұл туралы «Бернлидің» бас бапкері Ники Хайен мәлімдеді.
Хайеннің айтуынша, клуб Сәтпаевтың, сондай-ақ Джош Каллен мен Джейдон Банельдің үш аптаға созылатын халықаралық үзіліс аяқталғанша толық қалпына келуін күтіп отыр. Үзіліс қыркүйектің соңы мен қазанның басына жоспарланған.
Осыған байланысты 18 жастағы қазақстандық футболшы «Бернлидің» «Суонси Сити» және «Дерби Каунтиге» қарсы алдағы кездесулерін өткізіп алуы ықтимал. Оның нақты қашан алаңға шығатыны оңалту жұмыстарының нәтижесіне байланысты анықталады.
Сәтпаев Англия Чемпионшипінің төртінші турында «Мидлсброға» қарсы өткен матчта санының артқы бұлшықетін ауыртып алған. Негізгі құрамда ойнаған шабуылшы 81-минутта жайсыздық сезініп, ауыстыруды сұрады.
Қазақстандық футболшы жарақатына қарамастан, сол кездесудің үздік ойыншысы атанды. Ол қарсылас қақпасына екі дәл соққы бағыттап, пастарының 94 пайызын әріптестеріне жеткізді.
Қазір Сәтпаев «Челси» клубының базасында ем қабылдап, оңалту жұмыстарынан өтіп жатыр. Бұл оның «Бернлидегі» жалға алу келісімі тоқтатылғанын білдірмейді. Жарақатынан толық айыққаннан кейін ол Чемпионшип клубына қайта қосылады.
Сәтпаевтың Қазақстан құрамасының 18 қыркүйекте басталатын оқу-жаттығу жиынына және 26 қыркүйекке жоспарланған матчқа қатысуы екіталай.