Қазақстандық блогер Дастан Мұхамедрахым әйгілі футбол бапкері Жозе Моуриньюмен кездесті
Қазақстандық блогер Дастан Мұхамедрахым Мадрид қаласында әйгілі футбол бапкері Жозе Моуриньюмен кездесіп, оған Қазақстанда өндірілген Coca-Cola сусынын ұсынды. Сондай-ақ блогер бапкерге қазақтың ұлттық шапанын сыйлады.
Дастанның айтуынша, оның әлеуметтік желіде жариялаған видеосын Coca-Cola компаниясының өкілі байқап, Испания астанасына шақырған. Блогерге Қазақстанда өндірілген сусынды алып барып, Жозе Моуриньюге таныстыру ұсынылған.
Кездесу кезінде бапкер қазақстандық сусынның дәмін татып, ұлттық шапанды киіп көрді.
“Тағы бір ерекше жаңалық! Жақында ғана сіздерге Қазақстанның көпшілік біле бермейтін мақтан тұтар жетістіктерін көрсетіп жүрген едім. Ал бүгін, міне, аты аңызға айналған Жозе Моуриньюдің өзіне Қазақстан туралы айтып тұрмын! Мен үшін бұл — ерекше әрі ұмытылмас сәт!”, – деп жазды блогер.