Өзбекстандық блогер Фатхулла Хайруллаев та жанкүйерлердің әрекетін айыптады
«Ақтөбе» футбол клубы «Ордабасыға» қарсы матчта даулы плакат ұстаған алты жанкүйер қыздың шығынын өтейтінін мәлімдеді. Ал бұған дейін полиция олардың ата-аналарын әкімшілік жауапкершілікке тартқан болатын.
Клуб әлеуметтік желідегі парақшасында жанкүйерлерін қолдайтынын жеткізді.
«Аруларымызды жалғыз қалдырмаймыз. «Ақтөбе» футбол клубы үшін әр жанкүйердің орны бөлек. Айыппұл алған алты аруымыздың да шығынын «Ақтөбе» футбол клубы толықтай өтеп береді», – делінген клубтың мәлімдемесінде.
Сондай-ақ клуб қыздардың өз әрекетінің қате болғанын түсінгенін және алдағы уақытта командаға қолдау білдіруді жалғастыратынын жазды.
«Қаракөздеріміз қателескен тұсын толықтай түсінді. Алдағы уақытта да командаға қолдау білдіріп, келесі жолы бәрі «ережеге сай» болады деп уәде берді. Жанкүйерлер – біздің мақтанышымыз!» – деп жазды клуб.
Оқиға қалай өрбіді?
Еске салайық, оқиға 17 қазанда Ақтөбедегі Орталық стадионда өткен «Ақтөбе» – «Ордабасы» матчында болған. Кездесу қонақтардың 3:1 есебімен жеңісімен аяқталған.
Әлеуметтік желілерде тараған кадрларда Өзбекстан туы бейнеленген, балағат сөздер жазылған плакат ұстаған қыздар көрінеді. Оқиға қоғамда қызу талқыланып, жанкүйерлердің әрекетіне қатысты наразылық туындады.
Ақтөбе облысының полиция департаменті кәмелетке толмағандардың жеке басы анықталғанын хабарлады. Қыздармен ата-аналарының қатысуымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, ата-аналары бала тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұған қоса, Шымкенттік адвокат Аянхан Омаров оқиғаға құқықтық баға беруді сұрап, Бас прокуратураға шағым түсірген. Ол плакаттағы жазбалар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабында көзделген ұлтаралық араздықты қоздыру белгілеріне сәйкес келуі мүмкін екенін айтқан.
Өзбекстандық блогер Фатхулла Хайруллаев та оқиғаға қатысты пікір білдіріп, Қазақстан футбол федерациясын жағдайға ресми баға беруге шақырған.