«Қазіргі мүмкіндігіміз осы»: Уразбахтин «Қайраттың» ойыншыларын қорғады

«Қайрат» 1:5 есебімен жеңілді

әлеуметтік желі
әлеуметтік желі

Алматылық «Қайрат» УЕФА Конференциялар лигасының жалпы кезеңіндегі екінші матчында өз алаңында Грекияның «Панатинаикос» командасына 1:5 есебімен есе жіберді. Кездесуден кейін бас бапкер Рафаэль Уразбахтин жеңіліске қатысты пікір білдіріп, жанкүйерлердің сынына қарамастан, шәкірттерін қорғап сөйледі.

Ойын кезінде «Қайрат» жанкүйерлері команданың соңғы нәтижелеріне наразылық танытты. Ал Уразбахтин футболшыларының қателіктерін мойындағанымен, олардың ірі есепке қарамастан күресуді тоқтатпағанын атап өтті.

«Айтарлықтай айтарым жоқ. Қарсыласқа жылдам гол соғуға мүмкіндік бердік, ойынға бірден кірісе алмадық. Жеңіліске қарамастан, бұл футболшылар үшін жақсы тәжірибе болды. Есеп ірі болғанымен, жігіттер ойынды жалғастырып, прессинг жасап, қарсылас қақпашысына қысым көрсетті. Дегенмен қарсыластың деңгейі байқалды. Қазіргі мүмкіндігіміз осы. «Панатинаикос» – осы маусымдағы ең қиын қарсыласымыз. Олардың шеберлігі жоғары. Қақпаға бізден аз соққы жасағанымен, бес гол соқты. Алда қиын ойын бар, соған дайындаламыз», – деді бас бапкер.

Енді «Қайратты» Қазақстан Премьер-лигасындағы маңызды кездесу күтіп тұр. 25 қазанда алматылықтар сырт алаңда «Ақтөбемен» ойнайды. Бұл матч чемпиондық бәсекеге тікелей әсер етуі мүмкін. Басты қарсыласы «Ордабасыдан» қалып қоймау үшін «Қайратқа» ұпай жоғалтпау маңызды.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам