Құралбек Досжанұлы Ордабаев 1949 жылы Шымкентте дүниеге келген
Қазақстан футболының көрнекті өкілі, «Қайрат» клубының аңызы Құралбек Ордабаев Республика күні қарсаңында «Парасат» орденін алды. Бұл марапат оның отандық футболды дамытуға сіңірген көп жылғы еңбегіне берілген жоғары баға болды.
Құралбек Досжанұлы Ордабаев 1949 жылы Шымкентте дүниеге келген. Кәсіби мансабын 1968 жылы «Металлург» командасында бастап, 1971 жылы алматылық «Қайрат» сапына қосылды. Ол КСРО Жоғарғы лигасында өнер көрсетіп, қақпашы ретіндегі сенімді ойынымен танылды.
Ордабаев клуб сапында 52 матчта қақпасына гол жібермей, ерекше нәтижеге қол жеткізді. Пенальти қайтарудағы шеберлігімен де көзге түсті. 1973 жылы «Қайрат» пенальти серияларында 11 рет бақ сынап, оның 10-ында жеңіске жетті.
Қақпашының шеберлігі халықаралық деңгейде де бағаланды. Ол КСРО жастар құрамасына шақырылып, ГДР-дің «Форвертс» клубына қарсы матчта алаңға шықты. 1971 жылы «Қайраттың» Халықаралық теміржолшылар одағы Кубогын жеңіп алуына үлес қосты. Финалда алматылық команда Румынияның «Рапид» клубын 1:0 есебімен ұтты.
Кейін Құралбек Ордабаев футбол саласындағы қызметін жалғастырды. «Қайрат» командасының жетекшісі болып, кейін Қазақстан футбол қауымдастығын басқарды. Ол 1996–2000 жылдары осы ұйымның президенті қызметін атқарды.