Қос командаға да жеңіс ауадай қажет еді
«Ордабасы» Қазақстан Премьер-лигасының 2026 жылғы чемпионы атанды. Шымкенттік клубты өкшелеп келген «Қайрат» сырт алаңда «Ақтөбемен» тең ойнап, бірінші орын алу мүмкіндігінен айрылды.
Қос командаға да жеңіс ауадай қажет еді. «Ақтөбе» жеңген жағдайда төртінші орынға таласып, Конференция лигасының жолдамасынан үмітті болған. «Қайрат» болса чемпиондыққа таласатын мүмкіндікке ие еді.
Матч өте қарқынды басталды. Небәрі бесінші минутта алаң иелері есеп ашты, гол авторы – Олувасейи Оджо. Ал, «Қайрат» сапынан Азамат Тұяқбаев таразы басын теңестіріп кетті. Оның айып нүктесінен тепкен добын Заруцкий қайтара алған жоқ. Тайм аяқталар тұста «Ақтөбе» ойыншысы Агустин Пасторица алыстан теуіп, командасын тағы да алға шығарды.
Екінші таймда «Қайрат» есепті теңестірген. Марк Гуаль бірнеше қорғаушыны алдап, Заруцкий қақпасына екінші голды соқты. Мұнан кейін қос команда да қауіпті шабуылдар ұйымдастырғанымен, гол соға алған жоқ.
Осылайша «Қайрат» Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанды. «Ақтөбе» болса биылғы чемпионатты бесінші орынмен аяқтауы мүмкін. Ал, «Қайраттан» төрт ұпай алда тұрған «Ордабасы» біріншілік аяқталуға бір тур қалғанда чемпион атанып отыр.