«Камп Ноу» көз жасыңа қарамайды, жүрегіңді жаралайды
«Барселона» маусымды ғажап бастады. Ешкімге бас көтертпеді. Бұл идиллияны бұзған ПСЖ ғана. Бірақ, Париждегі жеңіліс «Барселона» гегемониясын тежеуден гөрі эль-класико алдындағы «салқын душ» сияқты әсер етті. Команда маусымдағы алғашқы жеңілісінен кейін есін жиды. Әлі де осал тұсы барын анық сезінді. Енді бар ашуын мадридтіктерден алады. Ханси Флик бұған дейін «Реал» командасының үш бапкерін отставкаға жіберген. Анчелотти эль-класико диагнозын қойғанымен, емін таппады. Алонсо емін тапқанымен, ебін таппады. Арбелоа... Жарайды.
Мінсіз старт – кәміл доминант
«Барселона» клубында мінсіз старт: Ла Лигада 9 матч = 9 жеңіс (39-9). Ешкімді бет қаратпай, қарсылас біткенді қоғадай жапырып келеді. Тоғыз матчтың бесеуінде 5+ голдан салды. Система жұмыс істеп тұр. Номиналды шабуылшысыз да жайратып жатыр. Тіпті, футболдағы «дәурені өткен» Габриэль Жезус 233 минутта 4 гол салып көзге түсті.

«Барселона» шабуылшылары, фото: Getty Images
Нақты ойын стилі бар. Философия – 90 минут бойы доп ұстау емес, әр қимылдан нәтиже шығару. Толассыз прессинг, үздіксіз шабуыл. Ойын автоматтандырылған. Гордон – Рафинья – Ямаль үштігі шабуылда бір-бірін ымсыз түсініп, доппен ұмтылған сәтте дер кезінде жол ашып отырады.
Ла Лига статистикасы көрсеткендей, «Барса» шабуылы әр матч сайын қарсылас қақпасына орта есеппен 39,5 (xG) қауіп төндіреді.
Родри, Педри – тың, Фермин агрессия қосады
Ольмо жарақат алды. Гави қазір старттың ойыншысы емес. Эль-класикода Педри – Родри – Фермин үштігі ортада үш түрлі қимылмен ойқастайды. Родри ойынды толық уысында ұстаса, Педри бас дирижер ретінде матч ырғағына жауап береді. Фермин агрессия қосып, ойынға жаңа импульс береді.

Родри мен Педри, фото: Getty Images
ПСЖ матчында стартта Педри – Берналь – Ольмо бастады. Флик бұл құрамның әлі де пісіп-жетілмегеніне көзі жетті. Екінші таймда алаңға Родри мен Гави қосылған соң «Барселона» өз-өзіне ұқсап, ойыны түлеп сала берді.
«Барселона» үшін орта шеп маңызды. Родри Парижде 30 минут ойнады, Педри мен Фермин күшін эль-класикоға сақтап, ПСЖ-ға қарсы 60 минуттан тер төкті.
«Камп Ноу» факторы
«Барселона» өз алаңында теңдессіз команда. Айламен ала алмайсың, тек агрессиямен тоқтатуға болады. Соңғы рет «Камп Ноу» стадионында жеңген «Атлетико Мадрид» қана. Біз айтқан агрессия һәм стандарт факторы Диего Симеоненің командасында болды. Айтпақшы, жақында «Атлетико» Мадрид дербиін де агрессияға толы ойынның арқасында жықты.

«Камп Ноу» стадионы, фото: Getty Images
Әйтпесе, «Камп Ноудан» үш ұпай былай тұрсын, тең ойнаудың өзі сирек құбылыс. Биыл Ла Лига аясында өз алаңында төрт матч өткізіп, 17 гол салды. Аяушылық атымен жоқ. «Камп Ноу» көз жасыңа қарамайды, жүрегіңді жаралайды.
ТОП қақпашысы бар
Жоан Гарсия болмаса (10 сейв), Париждегі матч өте ірі есеппен аяқталушы еді. «Барселона» басымдықты қорғанысқа емес, шабуылға қоятындықтан, контр шабуылдың бәрі қақпашыға ауыр жүк арқалатады. Бірақ, Гарсия бабында. Бұған дейін «Бетис», «Галатасарай», «Леванте» сияқты командаларға қарсы ойында Жоан Гарсия факторы үлкен рөл ойнады.
Флик қақпашыны командасындағы басты фигура деп есептейді. Өйткені, неміс маманының тактикалық жүйесінде қорғаушылар өте «биік» орналасып, қақпашы алдында ауқымды кеңістік қалдырады. Жоан Гарсия осындайда sweeper-keeper (қорғаушылардың артын тазалаушы) рөлін атқарады. Ойынды алдын ала оқып, қорғаушыларды жоқтатпау үшін қақпадан уақытында алға шығып, қарсыластың контр шабуылын дер кезінде тежеп отырады.

Жоан Гарсия. NurPhoto / Contributor / NurPhoto / Gettyimages.ru
Стандарт кезінде де қорғаушылардың жүгін жеңілдетіп, «Барселонаның» осал тұсын бүркемелеумен болады. Гарсия – Флик системасында Нойердің рөлін атқаратын маңызды фигура. Реакциясы да найзағайдай жылдам.
Жасанды офсайд – табысты тұзақ
«Барселона» шабуылы мен қорғаныс шебі арасындағы қашықтық тым қысқа. Шамамен 25-30 метр. Бірақ бұл қауіп емес, керісінше басымдық. Флик осы тактиканы автоматтандырып, шарықтау шегіне жеткізді. Қорғаушылардың синхронды қимылы қарсылас команда шабуылшыларын үнемі күйзелісте ұстайды. Қорғаушылар алаң ортасына дейін шыққанда, команда тұтасымен алға ұмтылады. Сосын қарсылас айып алаңында сан жағынан басымдыққа ие болады. Прессингті де қарсылас айып алаңынан бастайды. Қарсылас шабуылын жөргегінде тұншықтырып, ойлануға мұрша бермейді. Пау Кубарси – Эрик Гарсия тандемі бұл нұсқауды мінсіз орындайтын. Енді Жерар Мартенді күрделі емтихан тосып тұр.

Пау Кубарси. Фото Getty Images
«Барселона» допты 3-5 секунд ішінде қайтарып алуға әбден дағдыланған. Қарсыластың да жаңылатын сәті осы жерде. Доптан айырылған команда қайта тактикалық тәртібіне оралғанша, көз ілеспес жылдамдықпен жазалап отырады.
Килиан Мбаппе ең алғашқы эль-класикода 8 рет офсайдта қалып, жаңа рекорд тіркеген. Кейін Килиан тактикалық тұрғыда бейімделіп, таймингін реттеді. Бірақ, бәрібір де Фликтің «офсайд тұзағы» кез келген шабуылшының ойын ырғағын бұзатын тосын жүріс.