“1bol.kz” сайтын қолдағаныңыз - қазақша сапалы контентке жаныңыз ашығаны! Дауыс беріңіз

Құрамадағы карьерасын аяқтаған топ-футболшылар

29.07.2024, 01:44

Биыл жазда Еуропа мен Америка құрлықтары өз чемпиондарын анықтап үлгерді. Біз осы ретте ресми түрде құрамамен карьерасын аяқтаған футболшылар туралы сөз қозғамақшымыз. Бұл тізімге соңғы Еуропа чемпионаты болғанымен әлі де құрамада бір-екі жыл ойнауды көздеп отырған Криштиану Роналду сияқты футболшылар қосылған жоқ.

Сонымен Бірінші голдың бүгінгі шығарылымы Еуропа және Америка кубогынан кейін ұлттық құрамада карьерасын аяқтаған топ-футболшылар туралы болмақ.

Оливье Жиру

Франция құрамасының соңғы жылдардағы жетістігіне шабуылшылардан Оливье Жирудың қосқан үлесі зор. Кәрім Бензема үшін құрама есігі жабылғанда Гризманн мен Мбаппенің көсіліп ойнауына басқа-басқа емес Жиру жол ашты.

Ол осы жолы Еуропа чемпионатына барғанымен, негізінен қосалқы құрамда отырды. Дидье Дешам негізінен Коло Муаниге сенім артты.

Дегенмен 38 жастағы Оливье үшін өкінетін ештеңе жоқ. Жиру құрама сапында 13 жыл өнер көрсетті. Осы уақыт аралығында 137 матчқа қатысып, 57 гол соқты. 2018 жылғы әлем чемпионатында топ жарып, 2021 жылы Ұлттар лигасын жеңіп алды. Сонымен қатар Францияның үздік сұрмергені атанды. Гол саны жөнінен Анри сияқты легендаларды артқа тастады.

Айтпақшы, Жиру Еуропадан толығымен кетті. Құрамадағы карьерасын аяқтады, сондай-ақ Италияның «Миланын» АҚШ-тың «Лос-Анджелос» клубына алмастырды.

Тони Кроос

Тізімге кіргендердің ішінде құрамада ғана емес, жалпы карьерасын аяқтаған бір футболшы бар. Ол – Тони Кроос. Неміс жартылай қорғаушысы өз шешімін Чемпиондар лигасының финалының алдында жария еткен. Евро-2024 Тони үшін соңғы аккорд болды. Әрине, Еурода топ-турнир өткізді дей алмаспыз, бірақ топтық кезеңде командасының дирижері бола білді.  Германия өз еліндегі додада болашақ чемпион Испанияға ширек финалда есе жіберді.

34 жастағы футболшыға карьерасында тек Еуропа чемпионатының кубогы бұйырмады. Бірақ қалған ірі додалардың барлығын ұтты. Әлем кубогының иегері, Чемпиондар лигасының алты дүркін жеңімпазы секілді атақ-даңқтар оның қандай футболшы болғанын айғақтай түседі.

Неміс футболшыларына тән қасиеттердің бірі – карьераларының соңғы жылдары ақша табу үшін, Араб елдеріне немесе АҚШ-қа кете бермейді. Бұған дейін капитан Филипп Лам да 33 жасында спорттық карьерасына нүкте қойған  еді. Тони Кроос нағыз бабында тұрғанда өз эгосын жеңіп, қанағат білдіріп, карьерасын аяқтауға шешім қабылдадым деп айтты.

Томас Мюллер

Томас Мюллер – Тони Кроостан бір жасқа үлкен. Ол неміс футболшыларының арасында ең титулы көп ойыншы. Тони секілді спорттан толық кетпесе де, құрамадағы карьерасына нүкте қойды. Ал «Бавариядағы» ойынын жалғастыра бермек.

«Үнемі өз елімнің намысын қорғауды мақтан тұттым. Енді мен трибунада жанкүйер боламын», - деп айтты Мюллер Еуропа чемпионатынан кейін.

Томас «Бундестим» сапында 131 матчқа қатысқан. бұл тарихтағы үшінші көрсеткіш. Германия құрамасында одан ең көп ойынды Лотар Маттеус пен Мирослав Клозе ғана өткізген.

Жартылай қорғаушы Германиямен 2014 жылы әлем чемпионы атанған.

Джердан Шакири

Клубтағы карьерасы сәтті болмаса да, құрамаға келгенде жұлдызы жарқырайтын ойыншылар болады. Мысалы, Германияда өнер көрсеткен Лукас Подольски сөзімізге мысал болады.

Сол секілді Швейцария құрамасын өрге сүйреген Джердан Шакириді де айта аламыз. Ол үш рет топ-клубта ойнап көрді. Италияның «Интер», Германияның «Бавария» және Англияның «Ливерпуль» командалары бар. Бірақ ешқайсысында есте қалатындай өнер көрсетпеді.

Ал Швейцария құрамасы мүлдем басқа жағдай.  Швейцарияда Джердан тек лидерлік қасиетімен ғана дараланып қоймады. Сонымен қатар жанкүйерлердің айызын қандыратын голдар салды. Шакири үш Еуропа, үш әлем чемпионатына қатысты. Соның барлығында гол соқты. Енді биыл 33 жасқа толатын футболшы бар уақытын АҚШ-тағы  «Чикаго Файр» командасына арнамақшы.

Шакири – Швейцария құрамасында Джакадан кейін ең көп матчқа қатысқан футболшы. Ол құрамада 2010 жылдан бері үздіксіз 14 жыл ойнады.

Ян Вертонген

Бельгияның «Алтын буыны» дегенді көп айтамыз. Бірақ 2018 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдесінен басқа ештеңе ұтпады. Содан бері «Алтын буынның» сапында біраз футболшы карьерасын аяқтап үлгерді. Фелайни, Азар енді міне Еуропа чемпионатынан кейін тізімге Вертонген де қосылды.

Неміс алаңдарында 37 жастағы қорғаушының жылдамдығы жоғары деңгейде ойнауға жетпейтінін байқадық.

Вертонген Бельгияның жейдесін биылғы Еуроның ең жас ойыншысы атанған Ламин Ямаль туғанда кипті. Осы 17 жылдың ішінде 157 матчқа қатысып, 10 гол салған. Бірақ соңғы кездесуі сәтсіз аяқталды. Оның плей-оффта өз қақпасына кіргізген автоголы Францияның ширек финалға шығуына көмектесті. 

Хесус Навас

Талисмандар футболшылар болады. Соның бірі Криштиану Роналдудың испаниялық құрдасы Хесус Навас. Ол ойнағанда Испания тек чемпион атанған. Нағыз бабында тұрғанда 2010 жылғы әлем чемпионаты мен 2012 жылғы Еуропа чемпионатында топ жарды. Сол кезде Хави, Андрес Иньеста, Икер Касильяс, Серхио Рамос және тағы басқа легендалармен бірге ойнады. Енді, міне, Ламин Ямаль жас жұлдызбен бір қапталда өнер көрсетті.

Қызығы, сол Хесус Испания үшін сәтсіз аяқталған 2014,2018, 2022 жылғы әлем чемпионаттарынан тыс қалған. Осы жолы неміс жеріне Дани Карвахальды алмастыратын қосалқы құрамның ойыншысы ретінде барған. Дегенмен мүмкіндік берілді. Жартылай финалда Франциямен ойынға қатысып, Мбаппені тұсап ұстауға тырысты.

Навас осылайша Еуропа чемпионатынан кейін құрамадағы карьерасын аяқтады. Ал «Севилья» сапында жыл соңына дейін ойнауға ниетті.

Анхель Ди Мария

Біздің тізімге кіргендердің ішінде Америка құрлығынан жалғыз футболшы бар. Ол – Анхель Ди Мария. 36 жастағы жартылай қорғаушы да Хесус Навас секілді талисман футболшы. Финалда алаңға шықса, құрамасымен ешқашан ұтылмаған. Мысалы, 2014 жылғы мундиальдың финалында Ди Мария ойнамады, Аргентина чемпион атана алмады.

Ал 2022 жылы Катарда Ди Марияның Франциямен финалда қалай көмектескенін жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. Жалпы ол клуб пен құрамада 35 трофей ұтқан. Соның ішінде құрамамен жастар арасындағы әлем чемпионаты, Олимпиада ойындары, Америка кубогын, әлем чемпионатын және финалиссиманы жеңген.

Лионель Мессидің құрамадағы арманын орындауға Анхельдің қосқан үлесі мол. Бірақ әзірге клубтағы карьерасын аяқтауға футболшы асығар емес. Аргентинадан тағы бір легенда кетті деуге толық негіз бар.

Құрметті көрермен, біз бүгін құрамада карьерасын аяқтаған топ-футболшылар туралы айттық. Видео ұнаса қоныраушыны басып, коммент қалдырыңыздар.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам