Жаңажылдық шығарылым! Ерсін Ерік, Ермұхамед Мәулен, Олжас Байбосын, Уәлихан Қосанбай, Эльдар Аманбаев

Легионерсіз жағдай қиын деген Самат Смақовтың ойы дұрыс емес – Александр Кузнецов

Бүгін, 10:42

Легионерді мемлекет қаражатына сатып алуға тыйым салатын заң жуырда күшіне енеді

Легионерсіз жағдай қиын деген Самат Смақовтың ойы дұрыс емес – Александр Кузнецов
Jas Qyran

Легионерлерді бюджет тарапынан қаржыландыруды тоқтату туралы жаңа қабылданған заң отандық футболшылардың болашағына жол ашады. Бұл қазақстандық бапкер, Jas Qyran балалар-жасөспірімдер футбол орталығының спорттық директоры Александр Кузнецовтің пікірі. Оның айтуынша, Қазақстан футболында легионерлер арқылы бюджет қаржысына қол сұғып отырған адамдар көп. Енді жаңа заң арқылы оларға тыйым салатын кез келді дейді ол.

– Депутаттар легионерлерді бюджет қаржысымен асырау бұдан былай тоқтатылатынын айтып, заң шығарып жатыр. Енді шетелдік ойыншыларды қатарына қосқысы келетін клубтар демеушілер табуы керек. Бұл жаңалықты футбол командалары қалай қабылдады?

– Бұл жағы маған белгісіз, бірақ клубтар легионерлермен келісімшарттар жасауды жалғастырып жатыр, соған қарағанда демеушілер тауып жатқан шығар. Заңның қалай жұмыс істейтінін уақыт көрсетеді. Қателеспесем, бұл заң маусым айында күшіне енеді. Сондықтан алдымен алғашқы маусымды өткізіп алайық. Бәрі командаларын құрамдарын жасақтап болған соң белгілі болады. 

– Самат Смақов бұл заң клубтар арасындағы бәсекелестікті құртатынын айтқан. Яғни бірең-сараң клуб қана демеуші тауып, қалғандары легионерлерсіз қалатыны футбол деңгейіне де әсер етеді деп еді. Бұған қатысты не дейсіз?

– Еуропада барлығы демеуші тауып жатыр ғой, Қазақстанда клубтар неге таппайды? Самат Смақовты құрметтеймін, бірақ ол бас бапкер ретінде көзқарасын айтып тұр. Жақсы футболшыларды шақырту арқылы топ-клубтармен бәсекелескісі келеді. Ол заңды да. Кез келген жаттықтырушының басты міндеті – клубты жеңіске жетелеу. Мықты ұжыммен бұл мақсатқа жету әлдеқайда жеңіл. 

Кейбір клубтар еурокубоктарда таласып жатса, енді бірі футболды дамыту үшін әрекеттенуде. Иә, клубтар арасындағы алшақтық ұзарады, бірақ бізге қазіргі ішкі бәсекелестік не беріп жатыр? Еурокубоктарда негізінен «Астана» өнер көрсетеді. Қазір елорда ұжымы ақша тауып үйренді, сондықтан легионер сатып алуға қауқарлы. Ал өзге клубтар ше? Олар шетелдік ойыншыларды қатарына қоссын деп бюджетін ұлғайтқаны ұлғайтқан. Өзгеріп жатқан түк жоқ. Тиісінше, олардың алдындағы міндет өзгеруі керек. Олар жергілікті футболшыларды дамытуға басымдық берсін.

Егер клубтар легионерді қатарына қосатын қаражат таба алмаса, жергілікті ойыншылармен ойнасын. Мемлекет қаржыландыруды түгелдей тоқтатып тастаған жоқ қой, сондықтан отандық футболшылардың өнер көрсетуіне мүмкіндік жасасын, балалар футболын дамытсын. Екі-үш маусым күрделі мәселелерді шешуге кететін де шығар, есесіне соның бәрі жолға қойылған соң, деңгей де өседі. Кадр тапшылығына, жас дарындарға жол ашуға мән беріледі. Заң сол үшін де қабылданып жатқан жоқ па.

– Былтыр еліміздің футбол федерациясы алаңдағы легионерлерге қатысты шектеуді алып тастады... Бұлар бір-біріне қарама-қайшы көзқарас емес пе?

– Ол федерация, ал заңды қабылдап отырған – мемлекет. Федерация да клубтар ақша табуды үйренсін дегенді айтқан. 

Премьер-лигада бапкер болсам, мен де мейлінше легионердің көп болғанын қалаушы едім. Себебі жергілікті ойыншылармен жылдам нәтижеге жету қиын болатынын жақсы түсінемін. Бірақ стратегиялық тұрғыдан, менеджмент тұрғысынан қарайтын болсақ, клубтарда маркетинг жақсы жұмыс істеуі керек, клубтар ақша табуды үйренуге, өз ойыншыларын дайындауға ұмтылуы қажет. Легионерге шектеу енгізу – бұл бірінші қадам. Ертеңгі күні мемлекет кәсіби футболды қаржыландырудан түбегейлі бас тартса ше? Сонда не болады? Шетелдік тұрмақ, жергілікті футболшыларды асырай алмай қалады.

Сондықтан демеушілерге де легионерлерді іріктеу кезінде комиссия құруға кеңес берер едім. Олар өз ақшасына кімнің сатып алынатынын білуі керек. Ақшасы мен сапасы сай келетіндей болуы керек. Демеушілер де кімге, не үшін қаражат салып отырғанын білуі керек қой. Әйтпесе қанша ақшаның далаға кетіп жатқанын көріп жүрміз. 

– Бұл заңның нәтижелерін шамамен қай уақытта көреміз? Шынымен де клубтарда жергілікті ойыншылар саны артуы мүмкін бе? 

– Әрине, жастар саны көбейеді. Бірақ бізде заңды айналып өтуге тырысатындар да аз емес, сондықтан жұмыстың қаншалықты нәтижелі болатыны бірер маусымнан соң көрінеді бастайды.

Алғашқы жылы клубтардың құрамы қалай жасақталатыны өзіме де қызық. Легионерлерге қарсы емеспін, бірақ оларды қашанғы асырай береміз?! 

– Талай жылдан бері тек бюджет қаржысымен өмір сүріп келген клубтар ақша табуды үйрене алар ма екен?

– Үйренсін. Балалар, жастар футболына ден қойсын. Соғұрлым талай жыл бойы легионерлерге қыруар қаражат кетіп жатыр ғой. Өз шәкірттерін тәрбиелесін. Деңгей төмендейді десе, сол деңгейді көтеретін әрекет жасасын. Кадрлар даярласын, мамандарды шетелден шақыртсын, легионер алдыртқаннан гөрі маман шақырған әлдеқайда тиімдірек. Көп маманымыз жұмыссыз отыр, соларды жұмыспен қамтысын, үйретсін. 

QJ Leaque қаншама баланы өсіріп жатыр. «Қайрат» кезінде Нұралы Әліпті 2 миллион долларға сатты деген ақпарат тарады. Португалия мен Сербия Еуропаға футболшыларын сатуда көшбасшы. Себебі олар лиганың трансляциядан көп ақша таба алмайтынын біледі, демеушілерді табу да оңай емес. «Бенфиканың» бір өзі жастарын сату арқылы 500 миллион доллар табыс тапты емес пе. 

– Кадр даярлау – басшылықта отырған адамдарға аса тиімді емес қой. Легионер сатып алып, соның жалақысының бір бөлігін алып отырған жағдайларды көп естиміз...

– Сол ғой, посткеңестік елдердің өкілдері біздің футболды қанаумен келеді. Әлгі мамандар әлемдік деңгейде еш абыройы да жоқ, оларды ешкім танымайды да, бірақ өздерін керемет агент ретінде көрсететінін қайтесің. Өз футболшыларын бір клубтан екінші клубқа ауыстырумен ғана айналысады. Миллиондаған долларға сатып алынған легионерлердің алаңда небәрі 20-30 минут қана ойнап жүргенін де көріп жатырмыз. Ал сол клубтың балалары киімсіз, допсыз жүреді.

Мемлекет клубтар жұмыс істеуі, футбол дамуы үшін тағы не істеуі керек?! Өз басым бұл шешім өте дұрыс деп санаймын. Бастысы, бұл бір жылдың жұмысы еместігін түсінуіміз керек. 

Одан да бірнеше жыл қиналайық, есесіне өз балаларымызды өсірейік, жаңа деңгейге шығарайық. 

Тағы бір айта кететін мәселе, біздің клубтарға өңірлердегі жекеменшік компаниялармен байланысты нығайту керек. Әрине, лига да дамуы қажет. Әкімдерге де көп нәрсе байланысты. Ол демеушілер тарта алады. Бізде әкімнің қай спортқа қызығушылығы болса, өңірде сол спортқа басымдық беріледі.

– Әңгімеңізге рахмет!

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам