
Өрт салдарынан барлығы 59 адам көз жұмды
Солтүстік Македонияның Кочани қаласында болған жойқын өрт кезінде жергілікті «Шкупи» футбол клубының ойыншысы Андрей Лазаров қайтыс болды. Спортшы түнгі клубтағы жастарды өрттен құтқармақ болған екен.
16 наурызға қараған түні сағат 2:30 шамасында қаладағы түнгі клубта ауқымды өрт болды. Көңіл көтеруге келгендердің бірі ғимарат ішінде пиротехника атып, қызыл жалын бірден лап берген. Демалуға келген жүздеген адам бірін-бірі таптап, салдарынан 59-ы мерт болды.
Андрей Лазаров болса ғимараттан өзі шығып кетпей, өзгелердің шығуына көмектесіп жүріп алған екен. Ол денесінің көп бөлігі күйгенін сыртқа шыққанда бір-ақ біліпті. Жедел жәрден оны шұғыл ауруханаға жеткізгенімен, футболшы жансақтау бөлімінде көз жұмды.
«Оның көзсіз ерлігі біздің жадымызда мәңгілікке сақталады», - деп жазылған «Шкупи» клубының әлеуметтік желідегі парақшасында.
Түнгі клубтағы өрт салдарынан 59 адам қайтыс болса, тағы 150 адам түрлі дене жарақаттарын алған. Жергіілкті БАҚ өкілдерінің жазуынша, марқұмдардың көбі оттан немесе түтіннен емес, тапталып көз жұмған.