
Команда капитаны айып алаңының сыртынан тоғыздықты дәл көздеген
Қазақстан құрамасы Түркияның Анталия қаласында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиындары аясында Кюрасао командасымен жолдастық кездесу өткізіп, жеңіске жетті.
Әли Әлиев шәкірттері қарсылас қақпасына жауапсыз екі гол соқты. Бір қызығы, екі гол да алғашқы таймда соғылды. Ойынның 15-минутында Максим Самородов есеп ашса, 36-минутта Қазақстан құрамасы мен «Ордабасы» клубының капитаны Асхат Тағыберген есепті еселеді. Шымкент әкімінің «саптан да кетпейді, ойнай да алмайды» деген Тағыберген тоғыздықты дәл көздеді.
Асхат Қазақстан құрамасы сапында 60 ресми матчқа қатысып, үш гол соққан. Тағыбергеннің алғашқы әрі жанкүйердің есінде ерекше қалған голы – Еуропа біріншілігіне іріктеу турнирі аясында 2023 жылы Дания қақпасына соғылған.
Еске салайық, осыдан бірнеше күн бұрын Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков «Ордабасы» ойыншысы Асхат Тағыбергеннің 20 млн теңге жалақы алып отырғанын айтты. Сондай-ақ, әкім Асхаттың жоғары деңгейде ойнай алмайтынын да атап өтті.