
Ол бапкерлік мансабын Қазақстанда жалғастыруды жөн санаған секілді
Қазақстан құрамасы мен «Ахмат» клубының бұрынғы бас бапкері Магомед Адиев «Атырау» клубына бас бапкер болып тағайындалуы мүмкін.
Бұл туралы спорт журналисі, ҚФФ президентінің кеңесшісі Нұрсұлтан Құрман әлеуметтік желідегі өз парақшасында мәлімдеді.
«Атырауда жаңа бапкер. Бүгін «Атырау» клубының бас менеджері Дидар Сыдықпекпен жолықтым. Клуб ішіндегі біраз мәселе бойынша жауап алдым. Толығырақ кешке подкастта айтып беремін.
Басты инсайд: «Атырау» клубы бапкер Магомед Адиевпен келіссөздер жүргізіп жатыр. Жақын арада клуб жаңа бапкерін таныстырып қалуы мүмкін», - деп жазды Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі Нұрсұлтан Құрман.
Айта кетейік, төрт турдан соң «Атырау» үш ұпай еншілеп, ҚПЛ турнирлік кестесінде оныншы орында келеді. Команда еншісінде бір жеңіс және үш жеңіліс бар.