«Истанбул Башакшехир» Эльдор Шомуродовтың трансферін ерекше стильде таныстырды
Өзбекстан ұлттық құрамасы мен «Рома» клубының шабуылшысы Эльдор Шомуродов Түркияның «Истанбул Башакшехир» командасына жалға берілді.
«Клубымыз Италияның «Рома» командасында ойнаған Эльдор Шомуродовпен 2025/2026 маусымының соңына дейін жалға алу шартымен келісімшартқа қол қойды. Келісімде футболшыны толықтай сатып алу мүмкіндігі де қарастырылған. Өзбекстан құрамасының шабуылшысына отбасымызға қош келдің дейміз», – деп жазды түрік клубы өзінің Instagram парақшасында.
Сондай-ақ «Истанбул Башакшехир» Эльдор Шомуродовтың трансферін ерекше стильде таныстырды. Клубтың баспасөз қызметі жасанды интеллект көмегімен әзірленген әсерлі бейнеролик жариялады. Видеода
«Рома» шабуылшысы ортағасырлық сауыт киіп, атпен келеді, киіз үйге кіріп, түрік клубының құттықтау постерін көреді. Кейін ол үстелге жайғасып, үстелде отырған үкімен (клуб символы) қатар келісімшартқа қол қояды. Бейнероликтің соңында киіз үйдің есігі жабылып, оның орнына Өзбекстан туы ілінеді.
Өткен маусымда Эльдор Шомуродов «Рома» сапында 37 матч өткізіп, 7 гол соғып, 5 нәтижелі пас берген. Transfermarkt порталы 30 жастағы футболшыны 5 миллион еуроға бағалап отыр.