
Соңғы кездері жасанды алаңда ойнамаған
Алматының «Қайрат» футбол клубының қожайыны Қайрат Боранбаев ресейлік футболшы Артем Дзюба трансферіне қатысты келіссөздердің мән-жайын айтты.
Артем қазіргі кезде Ресейдегі «Акрон» командасында шабуыл шебінде ойнап жүр.
«Дзюбаға қатысты жағдай оның басқа клубпен келісімшартты қайта жасасуымен аяқталды. Біздің инфрақұрылыммен танысқан соң, ол бас тартты, өйткені жасы келген сайын бұл фактор маңызды бола бастайды. Артем – толық дайын футболшы және сөзсіз бізге осы матчтарда көмектесе алар еді. Бірақ жасы мен алаң сапасы әсер етті. Ол әлі футбол ойнағысы келеді, алайда жарақаттан қорқады. Соңғы кездері жасанды алаңда ойнамаған», - деді Боранбаев.
2024 жылдың қыркүйегінде Дзюба «Акрон» футболшысы атанды. Өткен маусымда ол барлық турнирлерде 24 матч өткізіп, 10 гол соқты және жеті нәтижелі пас берді. Transfermarkt порталының дерегінше, шабуылшының нарықтағы құны 1,8 млн еуроға бағаланады. Биыл маусым айында «Акрон» Артем Дзюбамен келісімшартты ұзартқанын хабарлады.
Футболшы көктемде «Қайрат» клубына ауысуы туралы ұсынысқа жауап берген еді.
«Мен Чемпиондар лигасында ойнау үшін «Қайратқа» ауысуым мүмкін бе? Маған ол жақта чемпионат жасанды алаңда ойнайтынын айтты. Мына жасымда жасанды алаңда ойнау қиын. Екі рет жасанды алаңға шықсам, карьерамды аяқтап жүрермін», - дейді Дзюба Championat.com басылымына берген сұхбатында.