Танымал спорт функционері нәтижелердің көңіл көншітпейтінін айтты
Шымкенттің «Ордабасы» клубының бас бапкері Андрей Мартин алдағы уақытта қызметінен босатылуы мүмкін. Бұл жөнінде спорт функционері Алтай Даумов Sports.kz-ке берген сұхбатында айтты.
«Андрей Мартиннің ойыны белгілі бір деңгейде нәтиже беріп жатыр, бірақ оның бапкерлік қызметіндегі жағдай әлі де тұрақсыз болып тұр. Өзім оның футболына әрқашан оң көзқараспен қарадым, алайда жақын арада жұмыстан кетуі ғажап емес. Себебі нәтижелер көңіл көншітпейді, ал қазақстандық футболда уақыт беріп, ұзақ күтпейді», – деді Даумов.
Оның айтуынша, егер Мартинге тағы бір жыл мүмкіндік берілсе, ол «Ордабасыны» чемпиондық деңгейге шығара алар еді.
Қазақстан Премьер-Лигасының 21-турынан кейін «Ордабасы» 28 ұпай жинап, турнир кестесінде сегізінші орында тұр. Соңғы ойында шымкенттік клуб «Тобылдан» 2:3 есебімен жеңіліп қалған болатын.
Айта кетейік, 2024 жылдың желтоқсанында молдовалық маман Андрей Мартин шымкенттік «Ордабасы» футбол клубының бас бапкері болып тағайындалған еді.
Шымкенттік клубқа келмес бұрын Андрей Михайлович «Петрокуб» командасында жұмыс істеді. 23/24 маусымында ол Молдова чемпионаты мен Кубогын жеңіп алып, клубты Конференциялар лигасының топтық кезеңіне шығара білді.