
Благоя Милевски тең нәтижені әділ деп бағалады
Солтүстік Македония құрамасының бас бапкері Благоя Милевски футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында өткен Қазақстанмен тең ойыннан кейін өз пікірін білдірді.
Милевскидің айтуынша, егер матчқа қайта дайындалу мүмкіндігі болса, ойын сызбасын да, құрамды да өзгертер еді.
«Біз ойынға сәл қобалжып шықтық, мұның себебі Бельгиямен өткен ауыр кездесу болуы мүмкін. Бірінші таймда көптеген жекпе-жектерде жеңіліп, екінші доптарға үлгермей қалдық. Ал екінші таймда жігіттердің реакциясы мен ойыны көңілімнен шықты. Қазақстан мені таңғалдырған жоқ, бірақ оларды терең талдап үлгермедік. Кейін ойын сызбасын және кейбір футболшыларды өзгерттік, сол өзгерістер нәтижесін берді — екінші таймда әлдеқайда сенімді ойнадық. Әр ойыншы өз позициясына қарамастан, команда мүддесі үшін бар күшін салуы керек. Мен ешбір футболшыға ренжімеймін», — деді Милевски.
Сондай-ақ Милевски тең нәтижені әділ деп бағалады.
«Кей сәттерде біз қарсыласқа тым көп бос кеңістік беріп қойдық, сол үшін Қазақстан бізді жазалап кетуі әбден мүмкін еді. Бірақ бұл — футбол, мұнда бәрі болуы мүмкін. Мен ойындағы нәтижені әділ деп санаймын. Қазақстанды ешкім менсінбей шыққан жоқ. Тек Бельгиямен өткен ауыр кездесуден кейін ойыншыларға физикалық және психологиялық тұрғыда қайта қалпына келу оңай болған жоқ», — деді Милевски ойын соңында.