«Барыс» ҚХЛ рейтингінде бес сатыға көтерілді

«Барыс» ҚХЛ күш индексі рейтингінде бес орынға жоғарылап, жетінші сатыға жайғасты

hcbarys.kz
hcbarys.kz

Астананың «Барыс» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) күш индексі рейтингінде бес орынға жоғарылап, жетінші сатыға жайғасты. Бұл көрсеткіш лиганың алтыншы ойын аптасының қорытындысы бойынша жарияланды.

Күш индексі командалардың маусымдағы нәтижелеріне қарай есептеледі. Ол клубтардың қазіргі қарқынын, фавориттерге қарсы ойындарын және жеңісті серияларын ескереді.

Еске салайық, «Барыс» соңғы матчында Хабаровскінің «Амур» командасымен кездесіп, 2:5 есебімен жеңіліп қалды. Михаил Кравец шәкірттері ойынды сәтті бастап, есеп ашқанымен, басымдығын сақтай алмады.

Астаналық клуб келесі кездесуін 21 қазанда Владивостоктың «Адмирал» командасына қарсы өткізеді. Матч сырт алаңда Қазақстан уақытымен сағат 14:30-да басталады.

Қазіргі уақытта «Барыстың» еншісінде 17 ойыннан кейін 20 ұпай бар. Дәл осындай ұпай жинаған Нижнекамскінің «Нефтехимик» клубы Шығыс конференциясында үшінші орында тұр. Ал конференция көшін 18 матчта 29 ұпай еншілеген Магнитогорскінің «Металлург» командасы бастап келеді. Көшбасшы мен «Барыстың» арасындағы айырмашылық — тоғыз ұпай.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам