Күні кеше клубтың бас директоры отставкаға кеткен болатын
Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында Астананың «Барысы» өз айдынында «Авангардты» (Омск) қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Айта кету керек, бұған дейін «Барыс» 14 ойын өткізіп, оның 12-де жеңілген болатын. Тиісінше, елордалықтар турнир кестесінің соңғы сатысына жайғасқан. Бұл жолы да матчқа аутсайдер болып келген Буцаев шәкірттері кішігірім сенсация жасады.
Ойындағы жалғыз шайба бірінші кезеңде соғылды. Гол авторы – Даниил Апальков (15-минут). Қалған екі кезеңде командалар өткір шабуылдағанымен, жанкүйерлер соғылған шайба көрмеді.
Еске салайық, соңғы екі маусымда да сәтсіз өнер көрсеткен «Барыс» бас бапкерін бірнеше рет ауыстырған болатын. Бұл еш нәтиже бермегендіктен күні кеше клубтың бас директоры Борис Иванищев отставкаға кетті.
Енді келесі ойынын астаналықтар 16 қазанда өз айдынында «Салават Юлаевқа» (Уфа) қарсы өткізеді.