Қазақстандық спортшы Энтони Петтис алдында ыңғайсыз жағдай қалыптасқанын айтты
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Еркебұлан Тоқтар әйгілі америкалық файтер, UFC-дің бұрынғы чемпионы Энтони Петтистің жекпе-жегінің соңғы сәтте өтпей қалуына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл жағдай отандық ММА индустриясының ғана емес, жалпы Қазақстанның халықаралық спорттық беделіне кері әсер етуі мүмкін.
Тоқтар ең алдымен турнирдің тоқтатылуынан көптеген спортшылар зардап шеккенін атап өтті. Айтуынша, бірнеше ай бойы дайындалып, салмақ қуған файтерлердің еңбегі еш кеткен.
— Өкінішті жағдай болды. Көптеген жігіттер ұзақ уақыт дайындалды, салмақ қуды, бірақ бәрі бекер кетті. Турнир өтуі керек еді, алайда соңында ұйымдастырушылық мәселелердің кесірінен бәрі тоқтады. Бұл ең алдымен спортшылар үшін ауыр соққы, — деді ол.
Сондай-ақ қазақстандық спортшы Энтони Петтис алдында ыңғайсыз жағдай қалыптасқанын жасырмады. Оның пікірінше, әлемдік деңгейдегі жұлдыздың Қазақстаннан осындай әсермен кетуі шетелдік файтерлер арасында еліміз туралы жағымсыз пікір қалыптастыруы мүмкін.
— Энтони Петтис Америкаға оралды. Ертең ол басқа танымал спортшылармен, менеджерлермен сөйлеседі. Олар Қазақстандағы жағдайды сұрайды. Егер мұндай оқиғалар жиілесе, шетелдік спортшылардың біздің елге деген сенімі төмендеуі ықтимал. Сондықтан бұл жағдайға шынымен ұялатындай күйде қалдық, — деді Тоқтар.
Ол тіпті америкалық файтерге жеке хабарлама жазып, болған оқиға үшін кешірім сұрағанын жеткізді.
— Мен оған: «Бұл — жаңа басталған лига, осындай жағдай орын алып қалды. Бірақ Қазақстанда мықты ұйымдар мен жақсы турнирлер көп. Ренжіме, бауырым», — деп жаздым. Себебі сырттай қарағанда, Петтисті тек жарнама мен хайп үшін шақырғандай әсер қалды. Ал шын мәнінде менің ол лигаға ешқандай қатысым жоқ, — деді спортшы.
Еске салайық, UFC-дің бұрынғы чемпионы Энтони Петтис пен қазақстандық Әділ Боранбаев арасындағы жекпе-жек Алматыдағы ORDA Global Fights турнирінің басты оқиғасы болуы тиіс еді. Алайда турнир өтетін күні ұйымдастырушылар келісімшарт талаптарын орындамай, америкалық файтердің гонорарын уақытында төлемеген.
Петтис Қазақстанға келіп, салмақ өлшеу рәсімінен өтіп, баспасөз мәслихатына да қатысқан. Дегенмен қаржылық міндеттемелер орындалмағандықтан, ол жекпе-жекке шығудан бас тартты. Соның салдарынан бүкіл турнир тоқтатылды.
Кейін америкалық спортшы бұл жағдайдан шамамен 800 мың доллар көлемінде шығынға ұшырағанын мәлімдеді. Соған қарамастан ол әлеуметтік желі арқылы қазақстандық жанкүйерлерге алғысын білдіріп, қолдау көрсеткендері үшін ризашылығын жеткізді.