ҚПЛ 20-тур: Ордабасы көшбасшы болды. Ақтөбе қазақ бапкерлерге неге сенбейді? Қайрат ЛЧ-ге дайын

Бекзат Алмахан UFC-ден кеткеннен кейін жаңа лигаға қосылды

Бүгін, 08:16

Енді мансабын Грузияның RKENA промоушенінде жалғастырады

Бекзат Алмахан UFC-ден кеткеннен кейін жаңа лигаға қосылды
RKENA

Қазақстандық ММА файтері Бекзат Алмахан мансабын Грузияның RKENA промоушенінде жалғастырады. Лига қазақстандық спортшымен келісімшартқа отырғанын ресми түрде жариялады.

«RKENA отбасына Қазақстанның үздік файтерлерінің бірі Бекзат Алмаханды қарсы алайық!» – делінген промоушеннің әлеуметтік желідегі хабарламасында.

Алмахан 13 тамызда UFC ростерінен ресми түрде шығарылған еді. Бұған оның ұйыммен келісімшартының аяқталуы себеп болды.

Қазақстандық файтердің UFC-дегі жолы 2024 жылдың наурызында басталды. Алмахан дебюттік кездесуінде қысқа мерзімде ұсыныс қабылдап, сол кезде жеңіліп көрмеген Умар Нурмагомедовке қарсы шықты. Бекзат бірінші раундта қарсыласын нокдаунға түсіргенімен, үш раундтың қорытындысында төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңілді.

Алмахан UFC-дегі алғашқы әрі жалғыз жеңісіне 2025 жылдың мамырында қол жеткізді. Ол канадалық Брэд Катонаны бірінші раундта нокаутпен жеңді.

Алайда бұдан кейін қазақстандық спортшы қатарынан екі рет жеңіліс тапты. 2025 жылдың қарашасында Александр Топуриядан ұтылса, 2026 жылдың маусымында бразилиялық Жан Мацумотоға есе жіберді. Осы кездесуден кейін көп ұзамай оның UFC-дегі келісімшарты аяқталды.

Енді Алмахан мансабының жаңа кезеңін Грузияда бастамақ.

RKENA – 2025 жылдың қазанында құрылған грузиялық ММА промоушені. Ұйым турнирлерін Тбилисидегі Спорт сарайында өткізеді. Осы уақытқа дейін лига үш нөмірлі турнир ұйымдастырған.

Әзірге Бекзат Алмаханның RKENA-дегі дебюті қашан өтетіні және оның алғашқы қарсыласы кім болатыны жарияланған жоқ.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам