Аслан Омарбеков барлық ұйымдастыру шығындарын федерация жауып бергенін, бірақ автобусты өзі жалдағанын айтты.
Абай облысында жарыстан қайтып келе жатқан спортшылар мінген көлік жол апатына ұшырап, үш студент қаза тапты.
31 арнадағы «Информбюро» бағдарламасының мәліметінше, трагедия 2 қараша күні таңғы 5:45-те Бесқарағай – Семей трассасындағы Жыланды ауылы маңында болған. Toyota Avensis қарсы бағытқа шығып кетіп, Howo жүк көлігімен соқтығысқан. Соның салдарынан жүргізуші мен екі жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Тағы бір жолаушы, яғни спортшылардың жаттықтырушысы болса, ауыр жарақатпен Семейге жеткізіліп, ота жасалған.
Қайтыс болғандар – Alikhan Bokeikhan University студенттері:
Жол апатынан аман қалған – олардың жаттықтырушысы Аслан Омарбеков.
Аслан Омарбеков барлық ұйымдастыру шығындарын федерация жауып бергенін, бірақ автобусты өзі жалдағанын айтты.
«Федерация екі күнге 120 мың теңге тұратын пәтерді және автобусқа 370 мың теңге бөлді. Автобусты өзім жалдап, ұйымдастырдым. Қатысушылар көп болғандықтан, үш спортшыны өзімнің көлігіме отырғызуға тура келді. Жауапкершіліктен қашпаймын», – деді ол.
Қаза тапқан Азия чемпионы Нұрмағанбет Тұрарбековтің ағасы Данияр Манарбеков ұйымдастырушылардың салғырттығы қайғылы жағдайға әкелгенін айтады.
«Спортшылар чемпионатқа лайықты жағдайда баруы керек еді. Спринтерде үш адамға орын болмады. Жарыс біткен соң да оларды Астанада қондырмай, түн ішінде жолға шығуға мәжбүрледі. Осындай жағдай қайталанбауы үшін әділдік керек», – деді ол.
Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бірнеше сараптама тағайындалған. Тергеу нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Марқұм Азия чемпионы Нұрмағанбет Тұрарбеков өмірінің соңғы сәтінде әлеуметтік желіде:
«Алланың қалауымен Азия чемпионы атандым. Командама және бапкерлеріме алғыс айтамын…» - деп жазып үлгерген.
Иә, бұл оның өміріндегі соңғы медаль болды...