Қайғылы оқиға өткен сенбіде болған
АҚШ-та Коннорс колледжінің 20 жастағы баскетболшысы Итан Диц матч барысында алған жарақаты салдарынан қайтыс болды. Бұл ақпаратты Оклахомадағы Коннорс колледжінің әкімшілігі ресми түрде растады.
Қайғылы оқиға өткен сенбіде, Ұлттық спорт ассоциациясының (NJCAA) колледждер лигасындағы ойын кезінде болған. Диц сол матчта ауыр жарақат алған. Оқу орны жарақаттың нақты сипатын жарияламады.
Спортшы сейсенбі таңертең көз жұмған. Колледж басшылығы оның өлімі тікелей алған жарақатына байланысты болғанын мәлімдеді.
Трагедияға байланысты 25 қараша мен 1 желтоқсан аралығында колледждің ерлер және әйелдер баскетбол командаларының барлық матчтары тоқтатылды. Сол күндері Итан Дицті еске алу кеші ұйымдастырылмақ.
Екінші курс студенті болған Диц колледж командасында форвард позициясында ойнаған.