Бұл туралы федерация президенті Михаил Мамиашвили мәлімдеді
Ресейдің спорттық күрес федерациясы балуандарға азаматтық ауыстырып, басқа мемлекеттердің құрамасы атынан күресуге ресми түрде тыйым салды.
Бұл туралы федерация президенті Михаил Мамиашвили мәлімдеді. Ол өз сөзінде ресейлік спортшылардың негізсіз спорттық азаматтық ауыстыруына толық тыйым салынғанын алға тартты.
«Атқару комитеті бірқатар маңызды мәселелерді талқылады. Бірінші кезекте федерация қатаң антидопинг саясатымен және спорттық азаматтық ауыстыру мәселесімен байланысты нәрсені қарады. Соған орай ө қатаң шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, балуандардың азаматтық ауыстырып, басқа елдің атынан күресуі толықтай алынып тасталады. Мемлекет пен өңірлер спортшыға қаржы бөледі, бәсекелестік ортаны қалыптастырады, өсу үшін барлық мүмкіндік береді. Сондықтан спортшылар елдің бір бөлігі екенін түсінуі қажет. Кейде сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де өзін құрбан ету қажет. Осыған байланысты біз бұрын-соңды болмаған шараларға дайынбыз», - деді Мамиашвили.
Айта кететін жайт, Париж Олимпиадасына Ресей құрамасы қатысқан жоқ. Ал РФ құрамасында күресіп, басқа елдің азаматтығын алған Разамбек Жамалов, Магомед Рамазанов, Ахмед Тажудинов Париж Олимпиадасында еркін күрестен чемпион атанған болатын. Мұндай жайттар, бұған дейін Олимпиада ойындары мен әлем және құрлық чемпионаттарында бірнеше рет қайталанған.
Сондай-ақ, еркін және грек-рим күресінен соңғы жылдары Қазақстан құрамасына Ресейден 2 балуан келіп қосылған. Олардың бірі классик балуаны Шамиль Ожаев болса (87 кг), екіншісі еркін күрес спортшысы Начын Куулар (65 кг).