Егіздер 1996 жылы Алматы облысы Ұзынағаш ауданында дүниеге келген
Бүгін қазақстандық әйгілі егіз спортшылар – Жәмилә Бақбергенова мен Мәдина Бақбергенова 30 жасқа толды.
Егіздер 1996 жылы Алматы облысы Ұзынағаш ауданында дүниеге келген. Олар спорттағы жолын 14 жасынан бастаған. Алғашында екі жыл бойы таэквондомен айналысқан спортшылар кейін қыздар күресіне ауысып, халықаралық аренада Қазақстанның намысын абыроймен қорғап келеді.
Жәмилә мен Мәдинаның ірі жетістіктерінің бірі – Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда өткен Азия чемпионаты. Бұл жарыста спортшылар өз салмақ дәрежесіндегі барлық қарсыластарымен белдесіп, жеңімпазды анықтады.
Жәмилә Бақбергенова 72 келі салмақта барлық қарсыласын жеңіп, мерзімінен бұрын алтын медальға қол жеткізді. Бұл – оның сол кездегі Азия чемпионатындағы екінші алтыны болатын. Одан кейін Жәмилә сары құрлықта тағы екі рет топ жарды.
Ал жарыстың алғашқы күнінде оның сыңары Мәдина Бақбергенова 68 келі салмақта жеңімпаз атанды.
Айта кетейік, Жәмилә Бақбергенова – әлем чемпионаттарының төрт дүркін жүлдегері, Азияның төрт дүркін чемпионы, құрлық біріншіліктерінің екі дүркін жүлдегері.
Ал Мәдина Бақбергенова 2024 жылдың қараша айында үшінші баласын дүниеге әкелді. Соған қарамастан, ол спорттағы биік деңгейін сақтап келеді. Мәдина 2022 жылы Ұлан-Батырда өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанып, финалда қырғызстандық танымал балуан, Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері Мейірім Жұманазарованы айқын басымдықпен жеңген болатын.