Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

«Жеңістің алғашқы атасы»: Болат Әбілов Михаил Шайдоровтың жеңісіне ортақтасамын деп сынға қалды

Бүгін, 13:35

Ол Денис Теннің жетістігіне қатысты да солай айтты.

«Жеңістің алғашқы атасы»: Болат Әбілов Михаил Шайдоровтың жеңісіне ортақтасамын деп сынға қалды
1bol.kz коллажы

Қоғам қайраткері әрі танымал кәсіпкер Болат Әбілов қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровты Италияда өткен қысқы Олимпиада ойындарындағы тарихи жеңісімен құттықтап, чемпионның спорттағы алғашқы қадамдары жасалған орынды еске алды.

Әбіловтің айтуынша, Шайдоровтың үлкен спортқа жолы 90-жылдардың соңында салынған алматылық «Ramstore» сауда орталығындағы шағын мұз айдыннан басталған. Ол кезеңде Алматыда жыл бойы жұмыс істейтін мұз ареналары саусақпен санарлық болған.

«Михаил Шайдоровты Италиядағы қысқы Олимпиада ойындарындағы жеңісімен құттықтаймын. Бұл – қарапайым сауда орталығындағы мұз айдыны талай ірі спорт нысандарынан да көп Олимпиада жүлдегерін тәрбиелеп шығарғанының айқын дәлелі. Денис те, Михаил да шағын мұз айдынында жаттықты», – деді Әбілов.

Оның сөзінше, 1999 жылы салынған бұл сауда орталығындағы мұзайдын жыл бойы жұмыс істейтін санаулы орындардың бірі болған. Ол дәл осы мұз үстінде кейін Қазақстан спортының символына айналған Денис Тен де, Олимпиада чемпионы атанған Шайдоров та алғашқы қадамдарын жасағанын алға тартты.

Айта кетейік, Денис Тен 2014 жылы Сочиде өткен Олимпиадада қола жүлде иеленсе, Михаил Шайдоров Қазақстан тарихында ерлер арасында мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды.

Алайда кәсіпкердің бұл пікірі қоғамда біржақты қабылданған жоқ. Журналист Ибраш Нүсіпбаев Әбіловтің мәлімдемесін сынға алып, Шайдоровтың жеңісіне «ортақтасу» орынсыз екенін айтты.

«Жеңістің алғашқы «аталары» да бой көрсете бастады. Болат Әбілов - Михаил Шайдоровтың жетістігіне алғаш болып ортақтасқандардың бірі. Оның сөздеріне қарасаң, Денис Теннің де, Михаил Шайдоровтың да жетістігі тек «Әбілов пен серіктестерінің» арқасы секілді. Енді спорт шенеуніктері де кабинетте отырып алып, «Олимпиада жеңісіне жолды күндіз-түні салдық» деп мәлімдеуі қалды», – деп жазды Нүсіпбаев.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам